“Жүрегі тоқтап қалған“. 1-сынып оқушысы оқыс жағдайда мерт болған

“Жүрегі тоқтап қалған“. 1-сынып оқушысы оқыс жағдайда мерт болған
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Ақтөбеде қайғылы оқиға болды. Бұралқы итті көрген бірінші сынып оқушысының жүрегі тоқтап қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға 28 ақпанда болған. 2017 жылы туған бала мектепке бару үшін үйден шығып, анасы үйдің есігін жауып келгенше күтіп тұрған. Осы кезде көшеде жүрген бұралқы ит оған жүгіріп келген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес бала одан қатты қорыққан болуы мүмкін.

Ақпаратқа сүйенсек, 2017 жылы туған бала есінен танып, содан кейін жүрегі тоқтап қалған. Өлімнің нақты себебі анықталып жатыр.

"Анасы сол сәтте есікті жауып, құлыптап жатқан. Бала оны сыртта күтіп тұрған. Осы уақытта ит жүгіріп келіп, бала қорқып, есінен танып қалған. Кейін дәрігерлер оның жүрегі тоқтап қайтыс болғанын растады", - деді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Әліби Латып.

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі баланың өлімі туралы ақпаратты растады.

"28 ақпанда сағат 07:30 шамасында Ақтөбедегі Маресьев көшесіндегі үйдің ауласынан кәмелетке толмаған баланың денесі табылды. Тексеріс барысында зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін сараптама тағайындалды", - ПД баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.

Ақтөбе облысы әкімдігі осы оқиғаға байланысты брифинг өткізуді жоспарлап отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget