Белгілі блогер әрі Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік желідегі парақшасында бір аяғымен ғана тік тұрып ән айтып тұрған қыздың видеосын жариялады. Massaget.kz тілшісі видеодағы Аружанмен сөйлесті.
Видеоны бөліскен Дәулет Мұқаев мотивацияны өмірге құштар жандардан алатынын айтады.
"Ән айтып тұрған Аружан қыздарыңыз Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінің биылғы түлегі. Биік белестерді бағындыра бер", - деп жазды депутат.
Видео аз ғана уақыттың өзінде 500 мыңнан аса қаралым жинаған. Көптеген адам Аружанды қолдап, пікірлер жазған.
"Өмірге құштар қыз"
"Мотивация аларлықтай видео екен. Мына видеодан кейін бірдеңе деп жылануға ұяласың. Өзі де, даусы да әдемі екен"
"Бүгін Аружанды сауда үйінде көріп қалғанмын. Бар жақсылықты тілеймін, болашағың жарқын болсын"
"Қандай сұлу қыз, жүрегі мықты қыз екен. Тек сәттілік тілеймін", - дейді Желі қолданушылары.
Аружанның жасы 19-да. Алматы қаласында тұрады.
"Қазір Ұзынағаш ауылында киім сататын дүкенім бар. Сондай шағын кәсіппен айналысамын", - дейді Аружан.
Видеода Аружан бір аяқпен тік тұрып ән айтып тұрғанын көруге болады.
"Бұл туа бітті болған жағдай. Туғаннан кейін аяғым дұрыс болмады, 8 сантиметр қысқа болды. Қанша операция жасатқанымызбен болмады. Ақыры аяқты кестіруге мәжбүр болдық", - дейді Аружан.
Фото: instagram.com/aruzhanrashid
Оның сөзінше, Аружанның аяғына арналған протезі бар.
"Мен протезбен жүремін деп аяғымды кестірдім. 6 миллионға алған протезім бар. Бірақ протезбен жүремін деп арқам сыр бере бастады. Туғаннан арқам да дұрыс емес болатын. Сондықтан протезбен жүре алмаймын. Оқуымды бітірдім, қазіргі таңда шағын кәсібім - киім бутигіммен айналысып жатырмын", - дейді ол.
Фото: instagram.com/aruzhanrashid
Аружан мектепте үйден оқығанын айтады.
"Ал колледжге барып оқыдым. Ешқандай кедергі болған жоқ. Достарым қолдап жүрді. Ең бастысы - ата-анамның қолдауы", - дейді Аружан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!