Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек өзін "дым бітірмедің ғой" деп сынайтындарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы шенеунік өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Жақында Астанадан бір жерлесім хабарласты. "Сен елге барғанда қатты қуандық, біраз шаруа атқарады деп едік, дым бітірмей жатырсың ғой" деді салған жерден. Оның уәжін "жұмысыңның жарнамасы жоқ қой" деп қабылдадым. Жауабым әрқашан біреу: Істің түбін көрмей, бетін жылтыратып кетуден аулақпын. Әйтпесе екі жұмыс болады. Көзбояумен "жылдам жеңіске" жетерсің, бірақ тағдыры қысқа, арты шала. Екі жұмыс, есіл уақыт", - деп жазды ол өзінің ұстанымы туралы.
Жас шенеунік өзінің өмірлік принципке айналған ойын да басып айтты.
"Қызмет уақытша, ал түбі туған жерде қаламыз. Ел бетіне істеген ісіміз үшін ұялмай қарай алатындай болуымыз керек. Принципім - осы. Дегенмен жерлесімнің және ел көкейіндегі сауалға жауап берейік. Расымен не бар, не жоқ, нақтылап, даму бағытын анықтап, іргетасынан бастаймын дегенше жарты жыл уақыт өте шығыпты", - деп жазған ол өзінің қызметіне байланысты есеп берді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз