Астана қаласында 12 жыл бойы мұнара краншысы қызметінде істейтін әйел тұрады. Биіктікті бала кезімнен жақсы көремін деген ол Massaget.kz тілшісіне жұмысы жайлы әңгімелеп берді.
Раушан Бұтабаева – Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының тумасы. Қаржы мамандығы бойынша орта білімді тәмамдағанымен, қазір Астана қаласында құрылыс саласында, дәлірек айтсақ, краншы қызметінде жұмыс істейді. Екі баланың анасы.
– Неліктен бұл саланы таңдадыңыз? Краншы қызметіне қалай келдіңіз?
– Краншы қызметіне 2012 жылы ағамның шақыртуымен келдім. Жылы жер, жақсы жалақы деген соң көрейін дедім. Қыздарға "аса қиын емес" деген соң, қызығып, осы салада оқып, үйреніп, кейіннен маман атанып кеттім. Арасында тұрмысқа шығып, декреттік демалысқа кеткеніммен, 12 жыл бойы құрылыс алаңынан шыққан емеспін.
– Бір күндік жұмыс күніңіз қалай өтеді? Кран үстінде қандай шаруалар атқарасыз?
– Жұмыс күнім таңғы 7:30-дан басталады. Сол уақытта құрылыс нысанында болу керек. Журналдарға қол қойып, техникалық қауіпсіздікпен танысып, күнделікті медициналық тексерістен өтемін. Алкогольдік тексеріс, қан қысымын, дене қызуын тексеріп, дәрігер рұқсатынан кейін ғана кранға көтерілемін. Cағат 8-де кранда отырып, күніне төрт мезгіл берілетін ерітінділерді көтеремін. Онымен қоса, жұмыс бригадасының қажетті құрылыс құралдарын, материалдарын тасып, көтеріп, тиісті жерге жеткізіп беріп отырамын.
– Жұмысыңыздың қандай қиын тұстары бар? Қызықты әрі шытырман естеліктеріңіз болса бөлісе кетсеңіз?
– Құрылыс алаңы – қауіпке толы жер. Техникалық қауіпсіздікті қатаң қадағалап отыруды қажет етеді. Бүкіл адамдардың өміріне жауапты боласың. Үлкен техниканы игеріп отыру оңай емес. Моральды тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да шаршайсың. Мәселен, жауын-шашын немесе қатты жел соққанда техниканы басқару қиынға соғады. Желге тойтарыс бере отырып, үлкен жүкті қауіпсіз түрде діттеген нүктеге жеткізудің өзі – үлкен жауапкершілікті қажет етеді және жасырмай айтар болсам, қорқыныш ұялатады. Ауа райының қолайсыз кездерінде техникада отырған мен ғана емес, жерде жүрген жұмыскерлер де алаңдап жүреді. Оңай жерде нан жоқ. Кез келген жұмыстың өзінің қыр-сыры, қиындығы, қорқынышты, қауіпті, қызық та қыңыр тұстары бар. Ең бастысы – өзіңе, біліктілігіңе сенімді болып, қауіпсіздікті барынша сақтап жұмыс істеген дұрыс.
Көбі оңай деп ойлайды. "Жылы жерге отырып алып, екі рычагты басқарып отырсаңыз болды емес пе" дейтіндер де бар. Жүктің көтеретін биіктігі бар, оның сілкінісі бар, жоғарыда айтқан қауіпті тұстары да бар. Әр күнімді тәуекелмен бастаймын. Қызметкерлерге де, басқасына да күнделікті сәттілік тілеп, Алладан амандық тілеп, жұмыс істейміз.
– "Әйелдің жұмысы емес" деген сияқты пікірлер жиі айтыла ма? Отбасыңыздың жұмысыңызға деген көзқарасы қандай?
– Иә, ондай жандар бар. "Алпауыт техниканы басқару ер адамның жұмысы емес пе деп" таңғалатындар көп. Бірақ жұмысты ер адам, әйел адам деп бөлмей, қолдан келіп жатса істей берген дұрыс деп ойлаймын.
Ал отбасымның көзқарасы өте жақсы. Үйдегілердің еш қарсылығы жоқ. Жаңа айтқанымдай, жұмысқа алып келген ағамның өзі. Мұнара краншысы болуым – ағамның арқасы. Оған дейін бұл жұмысты тіптен мұрным сезбеген. Осы жұмыс бойынша бағыт-бағдар беріп, жемісін жеуді бұйыртқан ағама алғыс. Отбасым да дәл солай үнемі қолдап, сәттілік тілеп отырады. Менімен мақтанады.
– Өз жұмысыңызды жақсы көресіз бе? Бұдан өзге немен айналысасыз?
– Өз жұмысымды сүйемін. Шыны керек, бұл салаға келмей тұрып та биіктікті бұрыннан жақсы көретінмін. Зәулім, биік ғимараттардың төбесінен қарап, жоғарыдан қараған қандай керемет деп қызығып жүретінмін. Алайда сондай жұмыс жасаймын деп ойламадым. Алла сәтін салып, қалауыма, қызығушылығыма қарай осы жұмысты нәсіп еткен екен. Жолдасыммен екі жаққа кетсек те, бала-шағамның нәпақасын тауып, үйді де алып, көлігімді де алып жатырмын. Осы жұмысым үшін мың да бір шүкіршілік етемін. Темір деген қасиетті нәрсе ғой. Мен үшін сондай берекелі болды.
Көлігімді де жақсы көремін. Жалпы техникаға жақынмын. Бос уақытымда көлігіммен такси қызметіне де үлгеремін. Астананың өмірі ешкімді бос жатқызбайды. Балаларымның жалғыз асыраушысы болғандықтан, бір жұмыспен жүре алмайсың. Астанада ақша артықтық етпейді. Қызметіме, өміріме ризамын. Шүкір!
– Сұхбатыңызға рақмет! Тек сәттілік серігіңіз болғай!
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!