- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- көк-шөп бағасы
Жұмысым қияр бағасымен өлшенбейді - Сауда министрі
Үкімет үйіндегі брифингте журналистер Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтен қыс мезгілінде қызанақ пен қияр бағасының шарықтап кету себебін сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бізде тауар айналымын екі еселеу міндеті тұр. Айналым өсімі тек қана қияр мен қызанаққа негізделмейді. Тауар айналымын арттыру жоспары негізінен өнеркәсіп өнімдеріне сүйенеді", - деп жауап берді Арман Шаққалиев.
Министрдің сөзінше, Қазақстанға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тек 19 категориясын бөлу практикасын қалдырған жөн.
"Біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тек 19 өнімімен шектелмеуіміз керек, себебі біздің рационда азық-түлік себетін құрайтын маңызды 54 өнім бар. Мәселен, QazTrade (сауда саясатын дамыту орталығы) қияр мен қызанақпен қамтамасыз ету міндетін қоймайды. Олардың міндеті - елдің тауар айналымын арттыру", - деді Сауда және интеграция министрі.
Қияр мен қызанақтың бағасы қыста арзандай ма деген сұраққа Шаққалиев жауап бермеді. Бірақ Қазақстан нарығында бір өнімнің арзан да, қымбат та бағасы бар екенін алға тартты. Осыдан кейін журналистер министрден "жұмысыңызды қалай бағалайсыз?" деп сұрады.
"Менің жұмысым қияр бағасымен өлшенбейді. Нарықта қияр мен қызанақ бар. Дәмсіз, бірақ арзан өнімдер де бар, сапалы, бірақ қымбат өнімдер де бар. Орташа сапалы тауарлар да бар. Ал сапа - бұл субъективті ұғым. Бұл - нарық", - деп жауап берді ол.
Естеріңізге салсақ, қазан айында вице-премьер Серік Жұманғарин қазіргі уақытта Қазақстан 10 әлеуметтік маңызы бар тауар бойынша 100% өзін-өзі қамтамасыз етіп отырғанын айтты. Олардың ішінде ұн, тұз, күріш, макарон, май, картоп, қой еті, сиыр еті, сәбіз бар.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет