Созылмалы бүйрек жетіспеушілігі диагнозымен диспансерлік есепте тұратын бір топ қызылордалық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атап айтқанда, Арал және Шиелі ауданында тұратын науқастар “B.B.Nura” гемодиализ орталығының жұмысына шағымданды. Соның бірі - жеті жылдан бері арнайы аппаратқа тәуелді Оспан Тұрлыбекұлы.
"Гемодиализ аппаратының бірнеше бөлшегі адамның салмағына, қан қысымына, қанның құрамына сай болуы керек. Бұл талап сақталмай отыр. Дәрі-дәрмек қоры жеткіліксіз. Бүкіл облысқа бір нефролог пен реаниматолог. Дәрігерлер облыс орталығында отырып-ақ онлайн рецепт тағайындай салады. Пациенттің шағымын тыңдап, консультация беру жоқ", - деді ол.
Кейіпкеріміз “B.B.Nura” орталығына көңілі толмағасын оған бәсекелес “Diaverum” орталығына ауысқан.
Ал І топ мүгедегі Мұрат Батырбеков сапасыз емнің кесірінен аяғын бөртпе қаптап кеткенін алға тартты.
“Фильтр уақытылы ауыспайды. Қағып-сілкіп қайтадан салады. Сатып алуға шамасы келмейді. Өзіміз ол түгілі, көліктің фильтрін апта сайын ауыстырамыз. Сонда темір құрлы құнымыз болмай тұрғаны ғой. Дәрі-дәрмек беруді азайтты. Тамақтың сапасы туралы сөз қозғаудың өзі артық. Соның кесірінен аяғым қотырланып кетті”, - деді ол.
Шиелілік Олжас Сүлейменов ем алу үшін мегаполистерге барып, туған-туыстың үйін жағалауға мәжбүр
“Өзіміздің ауданда мүлдем жағдай жасалмаған. Басшылар бәрін біледі, бірақ қимылдауға қолы қысқа”, - деді кейіпкеріміз.
Қызылорда облысының о шеті мен бұ шетіндегі тағдырластарының мәселесін қоғам белсендісі Роза Смағұлова жиі көтеріп жүр.
“В.В.Nura” гемодиализ орталығы үкіметтен бөлінген қаражатқа (бір күнге - 35 000 теңге) тиесілі деңгейде қызмет көрсетпей отыр. Сондықтан орнына бәсекеге қабілетті басқа ұйым әкелуін сұраймыз. Неге екені белгісіз, бірақ мұндай компаниялар Арал мен Шиеліге кіруге құлықсыз”, - деді ол.
Науқастардың мәселесінен жергілікті билік хабардар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдегендей, “Diaverum”, “Fresenius Medical Care Kazakhstan” орталықтарына Қызылорда қаласында, Арал және Шиелі аудандарында диализ орталығын ашу жөнінде ұсыныс жолданыпты.
Ал созылмалы сырқатқа шалдыққандар адам денсаулығына немқұрайлы қарайтын компанияны жергілікті нарықтан ығыстырмай тынбақ емес.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!