Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға сенім арту керегін айтып, мемлекеттік қызметке келген жас мамандардың бәрі бірдей жүктелген міндетті ойдағыдай атқара алмағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Jibek Joly телеарнасының тілшісі Ділназ Ерланқызы Мемлекет басшысынан Құрылтай депутаттығына үміткер жастар жаңа заң шығарушы органның жұмысына серпін бере ала ма деп сұрады.
Президент мұны уақыт көрсететінін айтты.
"Оны көре жатармыз. Біз жастарға сенім артамыз. Оларды кезінде түрлі лауазымдарға тағайындадық. Үкіметте жоғары қызмет атқарған жастардың бәрі өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады деп айта алмаймын. Әрине, түрлі кедергі мен себеп кезігіп жатады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соған қарамастан Мемлекет басшысы жастарға мүмкіндік беріп қана қоймай, оларға нақты жауапкершілік жүктеу қажет деп санайды.
"Дегенмен жастарға сенім артып, жауапкершілік жүктеу керек. Онсыз болмайды. Қазақстан - демография тұрғысынан жас мемлекет. Сондықтан жастарға зор сенім артамыз. Олар да бұған дайын болуға тиіс", - деді Президент.
Тоқаев бұған дейін жоғары мемлекеттік қызметке келген кейбір жастардың сенімді ақтай алмағанын да жасырмады.
"Әйтпесе, кезінде министр болып, Үкіметке келген соң жұмыстың берекесін кетіргендер де болды. Бұған жол бермеуіміз керек", - деді Мемлекет басшысы.
23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Бұл - 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау.
Сайлауға 7 партия қатысып жатыр. Құрамы мынадай:
1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.
Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. Сайлау қорытындысы бойынша жаңа Парламентке 145 депутат кіреді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз