Ұлттық қауіпсіздік комитеті ШҚО әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омарға қатысты істің мән-жайын жариялады. Ведомство мәліметінше, ол қоластындағыларды жұмыстан шығарамын деп қорқытып, ақша бопсалаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеу мәліметі ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің деректі фильмінде көрсетілді.
Ведомство дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың аяғында жедел уәкілдер Жақсылық Омар өзіне бағынышты қызметкерлер мен ведомстволық ұйымдардан жүйелі түрде ақша талап еткені туралы ақпарат алған.
"ҰҚК Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің жедел уәкілдері Жақсылық Омар өзіне бағынышты қызметкерлер мен ведомстволық ұйымдардан тұрақты түрде ақша талап етіп жүргені туралы жедел ақпарат алды. Ол ақша бопсалаған адамдар анықталды. Омар оларға қызметін өсіруге уәде берген, ал бас тартқан жағдайда жұмыстан шығарамын немесе лауазымын төмендетемін деп қорқытқан", - деді жедел бөлім бастығы.
Еске салайық, 2026 жылы 13 ақпанда әлеуметтік желіде Жақсылық Омар ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Сол кезде өңірлік әкімдік мұндай мәлімет жоқ екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, әкімдік "әкімнің орынбасары денсаулығына байланысты уақытша демалыс алғанын" хабарлады.
Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті шенеунікке қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді.
Кейінірек ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты іс сотқа жолданды.
2026 жылы 3 сәуірде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды.
Жақсылық Омар кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленді. Ол алты жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!