Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек Үкімет мүшелеріне сұрақ қоямын деп спикер Ерлан Қошановтан сөз естіп қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат премьер-министрдің орынбарасы Тамара Дүйсеноваға жалынды сәлем жолдап, уәдесінде тұрмағанын еске салды.
"Осыдан бір-екі жыл бұрын Президенттің көмекшісі болғанда сізбен видеоконференция арқылы сөйлестік. Сол кезде Солтүстік Қазақстан облысында Бостандық деген ауыл болды. Ауыл тұрғындары жайылым жерлерінен айырылып қалған еді. Сіз жеке маған және ауыл тұрғындарына уәдеңізді үйіп-төгіп бергенсіз. Енді сіз министрдің қызметіне отырдыңыз. Сондықтан осында мүмкіндікті пайдаланып, сізге ауыл тұрғындарынан жалынды сәлемімді жеткіземіз", - деді Бақытжан Базарбек вице-премьерге.
Ол көтерген мәселеге ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек жауап берді. Бірақ жауап депутаттың көңілінен шықпады.
"Егер жұмыс істей алмасаңыздар, министрмен қоса министрліктен қуып шығамыз, аямаймыз", - деді ол министрдің орынбасарына.
Осы уақытта Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа Бақытжан Базарбекке ескерту жасады.
"Құрметті, Бақытжан Жұмабекұлы! Біріншіден депутаттық этика деген бар. Сіз қатты кетпеңіз, агрессиясыз сөйлеңіз. Екіншіден, мен жақтап отырғаным жоқ. Қойып отырған сұрағыңыз дұрыс. 10 миллион гектарға жуық жер қайтарылды. Бірінші кезекте, бұл "Жер аманаты" комиссиясының жұмысы", - деді спикер.
Ол мәселеге алдымен жергілікті әкімдіктер жауап беретінін атап өтті.
"Сіз "Жер әділ бөлініп жатыр ма, жоқ па?" деп сұрақ қойдыңыз ғой? Бұл ең алдымен жергілікті әкімдердің, екінші кезекте осы құзыретті органдардың мәселесі, солардың жауапкершілігі. "Жер аманаты" комиссиясының құрамына Бас прокуратура да, Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы, Жер ресурстары комитетінің басшысы, депутаттар, қоғамдық белсенділер мен өкілдері де кіреді. Оның басшысының бірі өзіңізсіз. Сондықтан мен де сізге жалынды сәлем айтқым келеді.
"Жер аманаты" комиссиясының да мәселені бақылауға барлық құзіреті бар. Бұл мәселені жергілікті билік өкілдері де, министрлік те қарауы керек. Комиссия да жауапты.
Бақытжан Жұмабекұлы, регламентті қамтамасыз ететін палатаның басшысы ретінде сізге ескерту жасаймын, - деді Ерлан Қошанов.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!