- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жұмыста жүріп жарақат...
"Жұмыста жүріп жарақат алдым". Келтірілген зиянның өтемақысын кім төлейді?
Қазір жұмыстың түрі көп. Құрылыс, өнеркәсіп, ферма секілді адам өміріне қауіп төндіретін жұмыс орындары жетерлік, дегенмен кеңседе отырсаңыз да неше түрлі жағдай болуы мүмкін. Жұмыс орнында денсаулығыңызға зиян келсе, өтемақыны жұмыс беруші төлеуге міндетті екенін білесіз бе? Заңға сәйкес міндеттемелерді Massaget.kz тілшісі адвокат Жалғас Серіпханқызынан сұрады.
ҚР Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағы 61 тармақшасына сәйкес, өндірістік жарақат - бұл жұмыскердің еңбек міндеттерін орындау кезінде алған, оның еңбекке қабілеттіліктен айырылуына әкеп соққан денсаулығының зақымдануы.
Өмірде кездесуі мүмкін жағдайдан мысал келтірейік. Сіз ломбардта жұмыс істейсіз. Ломбардқа ұры түсіп, сізді ұрып-соғып, өліммен қорқытып, денсаулығыңызға айтарлықтай зиян келтірді. Еңбек шарты бойынша жұмыс беруші сізге қауіпсіз жұмыс орнын қамтамасыз етіп бере алмады. Ол сізге өтемақы төлеуі керек пе?
Жалғас Серіпханқызы жұмыс беруші денсаулыққа тиген зиянды емдеу үшін кеткен барлық шығынды өтеуге міндетті екенін айтып, оған қоса ломбардтың қауіпсіздік шарасының өз стандарты бар екенін еске салды. Шара стандартқа сай орындалмаса, оған меншік иесі жауапты.
"Ломбардтың өз стандарттары бар. Ломбард ашқан кезде, толық жабдықталған талапқа сай ғимарат таңдалуы тиіс. Қауіпсіздік шарасы қамтамасыз етілген, күзеті бар, терезе есіктерінің барлығы темірмен жабылған болуы керек. Егер осы қауіпсіздік шаралары қарастырылмаған болса, ломбард иесі міндетті түрде жәбір көрген қызметкерге өтемақы төлейді", - дейді адвокат.
ҚР Еңбек кодексінің 186-бабының 2-тармағы бойынша жұмыс беруші жұмыскерді еңбек міндеттерін орындауға байланысты жіберіп, соңы еңбекке жарамсыздыққа не қайтыс болуға әкеп соққан денсаулығының зақымдануы еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға ретінде есептеледі, егер олар:
- жұмыс орнында болған жұмыс уақыты ішінде
- жұмысы қызмет көрсету объектілері арасында жүріп-тұрумен байланысты жұмыскер;
- жұмыс бойынша бара жатқан жолда, оның ішінде жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың тапсырмасы бойынша бара жатқан жолда;
- еңбек міндеттерін орындау кезінде іссапарда болса.
Маманның айтуынша, Еңбек кодексінің 20-тарауында көрсетілгендей, өндірістегі жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі міндет жұмыс берушіге жүктеледі. Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қызметкерлерге еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті.
"Өтемақыны міндетті түрде жұмыс беруші төлейді. Егер жұмыс беруші төлеуден бас тартса, мәселені сот арқылы шешуге болады. Бұл азаматтық құқықтық қарым-қатынас азаматтық тәртіппен талап етіледі, қаржы және моральдық зиян өтелуі тиіс", - деді Жалғас Серіпханқызы.
Сонымен, ҚР Еңбек кодексінің 187 бабына сәйкес жұмыс беруші:
- зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуді және қажет болған кезде оны денсаулық сақтау ұйымына жеткізуді ұйымдастыруға;
- еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға орнындағы жағдайды (жабдықтар мен механизмдердің, еңбек құрал-жабдықтарының жай-күйін), егер бұл басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірмесе, ал өндірістік процестің үздіксіздігін бұзу аварияға әкеп соқпайтын болса, оқиға болған кездегі күйде сақтауға, сондай-ақ жазатайым оқиға болған жерді фотосуретке түсіруге;
- зардап шеккен адамның жақын туыстарын жазатайым оқиға туралы дереу хабардар етуге және осы Кодексте, өзге де нормативтік-құқықтық актілерде айқындалған мемлекеттік органдар мен ұйымдарға хабар жіберуге;
- арнайы тергеп-тексеру жөніндегі комиссия мүшелерін еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру үшін оқиға орнына жіберуге міндетті.
Жұмыс беруші 1 тәулік ішінде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы дереу хабарлауы керек.
Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде комиссияның талабы бойынша жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қамтамасыз етеді:
-
техникалық есеп-қисаптардың орындалуын, зертханалық зерттеулердің, сынақтардың, басқа да сараптама жұмыстарының жүргізілуін және осы мақсаттарда сарапшы мамандардың тартылуын;
-
оқиға орнын және зақым келтірілген объектілерді фотосуретке түсіруді, жоспарлар, эскиздер, схемалар жасауды;
-
тексеру жүргізу үшін қажетті көлік, қызметтік үй-жай, байланыс құралдарын, арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беруі тиіс;
ҚР Еңбек кодексінің 188-бабының 1 және 4-тармақтары бойынша, арнайы тергеп-тексерілуге жататын жағдайларды қоспағанда, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесі туралы қорытынды алған кезден бастап 24 сағат ішінде жұмыс берушінің актісімен құрылатын комиссия, ал жазатайым оқиғаларды арнайы тергеп-тексеруді еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган құратын комиссия жүргізеді.
Жазатайым оқиғаның өндіріспен байланысы бар не жоқ екенін комиссия тергеп-тексеру қорытындысы бойынша шешеді.
Қазір еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру және есепке алу ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылы 28 желтоқсандағы № 1055 бұйрығымен бекітілген еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарын ресімдеу жөніндегі нысандарға сәйкес жүргізіледі.
Жазатайым оқиғаны жоғарыда аталған бұйрықтың 4-қосымшасына сәйкес ресімдеу қажет. Зардап шеккен адамның жарақатының ауырлық дәрежесі жазатайым оқиға кезіндегі медициналық ұйымның қорытындысы негізінде толтырылады.
ҚР Еңбек кодексінің 190-бабы бойынша жұмыскердің еңбекке қабілеттілігін жоғалтуына әкеп соққан және еңбек қызметіне байланысты әрбір жазатайым оқиға медициналық қорытындыға сәйкес тергеп-тексерілуге жатады.
Жұмыс беруші еңбек қызметіне байланысты әрбір жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін материалдарға сәйкес 3 жұмыс күнінен кешіктірмей жазатайым оқиға туралы актіні ресімдеуге міндетті.
Тергеп-тексеру, арнайы тергеп-тексеру актілерінің нысандарын және еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға, кәсіптік ауру туралы актілердің нысандарын еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
Акт тергеу материалдарына сәйкес және комиссия мүшелерінің көпшілігінің пікірін ескеріп ресімделуге тиіс.
ҚР Еңбек кодексінің 133-бабының 1, 2, 3, 5-тармақтарына сәйкес жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қызметкерлерге еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті.
Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы қызметкерлерге еңбекке жарамсыздықтың 1-ші күнінен бастап еңбекке жарамсыздық қалпына келтірілген күнге дейін немесе ҚР заңнамасына сәйкес мүгедектік белгіленгенге дейін төленеді.
Еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін – ҚР Үкіметі, оларды тағайындау және төлеу тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
Жұмыс берушілер жұмыскерлерге ҚР еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне қосымша төлемдер белгілеуге құқылы.
2015 жылы 28 желтоқсанда № 1103 ҚР ПП-ға еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшері оның орташа күндік жалақысын жұмыс күндерінің санына көбейту жолымен айқындалып, еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңіне сәйкес келеді.
ҚР Еңбек кодексінің 114-бабының 3-тармағына сүйенсек қызметкердің орташа күндік жалақысының мөлшері оның орташа жалақысы есебінен айқындалады. Ал қызметкердің еңбек жарақатына немесе кәсіптік ауруына байланысты төленетін жәрдемақы мөлшері орташа жалақының 100 пайызы.
Айта кетейік, ауру парағын төлеу үшін сізде жазатайым оқиға туралы Акт және қызметкердің ауру парағы болуы керек. Сондықтан акттың толтырылғаны өте маңызды.
Еске салайық, бұған дейін жұмыс беруші жалақыны кешіктірсе қанша мөлшерде өсімпұл төлеуге міндетті екені хабарланған еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Сәбіз шырынының қандай пайдасы бар?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә