Жұмыссыздық мәселесінде ”тізесі шыққан“ шараларды қолданамыз – Аймағамбетов

Жұмыссыздық мәселесінде ”тізесі шыққан“ шараларды қолданамыз – Аймағамбетов
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елдегі жұмыссыздық мәселесін сынға алды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Баяғы жартас – сол жартас". Біз әлі күнге дейін "тізесі шыққан" шараларды қолданамыз. Жаңа, жүйелі шаралар аз. Сол баяғы уақытша жұмыс орындарын құру, оқыту және қайта оқыту, шағын несие беру, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және т.б. ​Ал жергілікті деңгейде бұл шаралар қоғамдық жұмыстарға тартудан, әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынудан және жастар практикасынан аса алмайды. Осы шаралардың қаншалықты тиімді екендігін де зерттеп жатқан ешкім жоқ", – деді депутат. 

Министр жұмысқа орналасқандардың есебі көрсеткіште жақсы болғанымен, жұмыссыздық деңгейі өзгермей жатқанына таңданысын жасыра алмады. 

"Үкіметтің есебіне сәйкес, жыл сайын шамамен 900 мың адам жұмысқа орналасады екен. ​Сонда жыл сайын миллионға жуық адам жұмысқа орналасса, жұмыссыздық деңгейі неге өзгеріссіз қалып отыр деген сұрақ мазалайды. "Мынандай темппен – жұмыссыздық пен өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесі әлдеқашан шешілуі керек еді ғой. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 963 мың адам жұмысқа орналастырылған екен, ал бірақ жұмыссыздардың саны небәрі 445 мың адам болған. Бұған дейін еңбек нарығына жыл сайын 200 мың адам келетін, ал қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 250 мыңға жетіп қалды, ал 5 жылдан кейін 350 мыңға дейін барады дейді. Осылайша, 2030 жылға қарай еңбек нарығына үлкен қысым жасалады. Мұның барлығы жүйелік проблемалардың бар екендігін көрсетеді", – деді Мәжіліс депутаты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Бақдаулет