- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жұмыссыздық - әлемдік...
"Жұмыссыздық - әлемдік проблема". "Болашақ" бағдарламасымен оқып жүрген қазақстандық шетелдегі өмірі туралы айтты
"Болашақ" бағдарламасымен Коломбус штатындағы Огайо университетінде магистратурада оқып жүрген жамбылдық Жанна Талғатқызы АҚШ-тағы өмірдің қызығы мен қиындығы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жанна елдегі жұмыссыздық мәселесінен қиналғанын жасырмады. Алайда, оның сөзінше, АҚШ-та да жұмыссыздық мәселесі бар.
"Бұл жақта да жұмыссыздық бар. Қазақстанда жүргенімде елдегі жұмыссыздықты көріп, соған жаным ауыратын еді. Себебі өзімде 4-курсты бітіріп, бірден жұмысқа орналаса алмадым. 1 жылдан аса уақыт жұмыссыз жүрдім. Көп мекемеге құжат өткізіп, жауап күттім. Уақыт өте келе шетелдік компанияның филиалына аудармашы болуға ұсыныс түсті. Қуанышымда шек болмады, ертерек барып жұмысқа кірісуге асықтым. Алайда қуанышым су сепкендей басылды. Жалақым мардымсыз болды. Оған дейін аудармашының жалақысы көп болады дегенді еститінмін, жасырып қайтейін, үлкен үмітпен келген едім. Сонымен барға қанат қылып жұмысқа кірістім, тәжірибем аз болған соң жұмыс бастапқыда өте ауыр болды. Шетелдік адамдармен жұмыс жасау қиындық туғызды. Аудармашы болып 6 ай бойы жұмыс істедім. Тұрмысқа шығып, 6 ай тағы жұмыссыз қалдым. Ашығын айтқанда 1,5 жыл уақыт өткізіп алдым. Магистратураға тапсыру ойымда болды, бірақ Қазақстанда оқығым келмеді. Күйеуіммен ақылдаса келе "Болашақ" бағдарламасымен шетелге тапсыруды ұйғардым. Сәтін салып, жолым болып, АҚШ-қа оқуға түстім", - дейді ол.
Ол шетелде жұмыс істеудің, оқудың қандай қиыншылығы бар екенін айтты. Өйткені АҚШ-қа оқуға түскен Жанна мен отбасы бара сала түрлі жайттарға тап болған.
"Отбасыма виза ашылып, күйеуіміз екеуміз бірге шығуды жоспарлай бастадық. Күйеуім елдегі тұрақты жұмысынан өз еркімен шығып менімен шетелге кетуді ұйғарды. Оқу оқып, степендия алсам, ол жұмысқа орналасса, мен де қосымша жұмыс істеймін деп ойладық. Осылай өзге мемлекетке оқуға келдік. Өкінішке қарай, оқу орнына кеш келгендіктен, жатахана алу мүмкіндігі болмады. Себебі орын қалмапты. Сол кезде біздің елімізде бар мәселелер мұнда да кездеседі екен деп ойладым. Үй жалдауға тура келді. Қызық енді басталды. 1 айлық төлемақы менің стипендияммен бірдей, өте қымбат. Күйеуім екеумізге бірден жұмыс қарастыру керек болды. Ол екі жұмысты қатар алып жүрмек еді, бірақ бір жұмыстың өзін табу оңай болмады. Осы сәтте еліміздегі төмен жалақымен-ақ магистратура оқып, стипендия алып отыра беруім керек еді деп күрсініп, елімді сағынып кеттім", - дейді Жанна.
Жаннаның сөзінше, АҚШ-та қарапайым жұмысшыларға көп ақы төленеді.
"Мұнда ыңғайлы жұмыс тауып, ортаға үйреніп кету оңай емес екен. Біз жарты жыл бойы жұмысты қатар алып жүре алмадық. Онда өмір сүру тіптен қиын болып кетті. Екеуміз де қарапайым жұмыс істедік. Мен даяшы, ал ол болса, үйге терезе орналастырушы болып істеді. Қазақстандағы ортасы ыңғайлы, жалақысы да жақсы жұмысын мен үшін тастап келген күйеуімнің қарапайым істеп жүргенін көргенде жұмыссыздық әлемдік проблема екенін түсіндім. Бірақ мұнда мемлекеттік жұмысқа қарағанда қарапайым жұмысқа ақы көп төленеді. Соның арқасында күнімізді көріп кеттік", - дейді ол.
Жанна жастарға кеңес беріп, жұмыссыздықты азайту үшін не істеу керегін айтты.
"Шетелде өмір сүріп, ақша тауып, оқыған жақсы, әрине. Алайда ол жақта да өзіндік талаптар бар. АҚШ-та біздегідей жастарға арналған көптеген бағдарлама болды. Бірақ біз ол жақтың азаматы болмаған соң тиімсіз еді. Бір ұтымды тұсы шетелде жастар үшін тиімсіз бағдарламалар қарастырылмайды екен. Егер бағдарлама жастар үшін тиімсіз болып, мемлекетте жұмыссыз жастардың көрсеткіші азаймаса, ол өз жұмысын тоқтатады. Осы секілді елімізде жұмыссыз жастардың санын азаяту үшін керек емес тиімсіз бағдарламаларды алып тастаған жөн. Ал тиімдісін жақсылап насихаттап, қолға алған дұрыс", - деп түйіндеді ол әңгімесін.
А.Сырымбет
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz