- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ЖИ үкіметке енгізу туралы
“Жұмыссыз қалатын шығармыз“ - Бектенов ЖИ туралы әзілімен министрлерді ду күлдірді
Үкіметтің көшпелі отырысында Цифрлық даму министрі Жаслан Қасенұлы "Мемлекеттік органдар жұмысына жаңа цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект ендіру" туралы баяндама оқып, ЖИ-қызметін таныстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазақстанда ЖИ-ді дамыту үшін Үкіметте бес жылдық тұжырымдама қабылданды. Осы тұжырымдама бойынша бірнеше маңызды бағыттар бар. Бірінші - супер компьютерлік инфрақұрылымды құру, екінші - заңнамалық актілерді дайындау, үшінші - адами капиталды дамыту. Осы бағыттарды келесі жылы қарқынды түрде пысықтаймыз", - деді министр.
Министр жиын соңында ЖИ-дің үкімет отырысынан протокол толтырып, тиісті мемлекеттік органдарға тапсырманы қалай бергенін экраннан көрсетті. Жаслан Қасенұлы мен Олжас Бектенов арасындағы диалог былай өрбіді:
- Олжас Абайұлы, біз бүгінгі отырысымызды ЖИ қолдана отырып, протоколды дайындадық. Осында көрсетуге рұқсат етіңіз. Міне, ЖИ бүгінгі Үкімет отырысын автоматты түрде генерациялады.
- Ол біздің отырысты жазып отырды ғой?
- Иә, шынайы уақыт режимінде тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар беріледі.
- Олай болса бәріміз жұмыссыз қалатын болдық қой. Протоколды өзі дайындайды, тапсырма өзі береді. Біз не істейміз?!, - деп, отырғандарды бір ду күлдірді Бектенов.
Содан кейін Үкімет басшысы 2025 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер үшін жасанды интеллектіні (ЖИ) үйрену және оны қолдану бойынша курстарды іске қосуды тапсырды.
"Цифрлық даму министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, келесі жылдың ішінде мемлекеттік органдар қызметкерлерін жасанды интеллект құралдарын үйрету бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын. Ғылым және жоғары білім министрлігіне - жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламалары мен курстарын әзірлеуді тапсырдым", - деді Бектенов.
Оның айтуынша, халықтың жасанды интеллект саласындағы әзірлемелер туралы хабардарлығы төмен деңгейде қалып отыр. Сондықтан ол Цифрлық даму министрлігі мен салалық министрліктерге қолданыстағы цифрлық шешімдерді жетілдіру және олардың пайдалану жолдары туралы халықты ақпараттандыру бойынша тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет