Декреттік демалыстан кейін жұмысқа шықпаған әйелдердің есте сақтау қабілеті декреттен кейін жұмыс істеген әйелдерге қарағанда 50 пайызға нашар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы мақаланы Калифорния университетінің зерттеушілері Neurology журналында жариялады.
Ғалымдар зерттеудің басында орташа жасы 57 болатын алты мыңнан аса америкалық әйелдердің деректеріне талдау жасады. Барлық қатысушы 16 жастан 50 жасқа дейінгі өмірлік жағдайына қарай бес топқа бөлінді: бірінші топқа жұмыс істейтін, бірақ балалары жоқтар, екінші жұмыс істейтін отбасылы аналар, үшінші жұмыс істейтін жалғызбасты аналар, төртінші - жұмыссыз жалғызбасты аналар, бесінші - жұмыссыз некеде тұрған аналар.
Әр екі жыл сайын орташа есеппен 12 жыл бойы әйелдер есте сақтау қабілетіне тест тапсырды. Осы сынақтардың нәтижелерін талдау 55 пен 60 жас аралығындағы барлық әйелдің жады шамамен бірдей деңгейде сақталатынын көрсетті. Алайда 60 жастан кейін, өмірінде тым болмаса анда-санда ақылы жұмыс істеген әйелдердің есте сақтау қабілеті жұмыс істемеген құрдастарына қарағанда тез нашарламайтыны белгілі болды.
Бірінші баласын туғаннан кейін ешқашан ақылы жұмысқа кірмеген және бүкіл өмірін балаларға арнаған әйелдердің декреттік демалыста болса да, жұмыс істеген аналарға қарағанда қартайған шағында есте сақтау қабілеті 50 пайызға нашарлады.
Ғалымдардың айтуынша, бұл әсер жұмыстың миды ынталандырып, қаржылық тәуелсіздік сезімін сыйлайтынына және әлеуметтік байланыстарды орнатуға ықпал ететініне байланысты. Зерттеушілер жасына байланысты есте сақтау қабілетінің төмендеуі Альцгеймер ауруының негізгі белгілерінің бірі екенін айтады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!