Келесі жылы 1,5 миллион жұмысшының еңбекақысын көтеруге 2,5 триллион теңге қарастырылады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сенаттың комитет отырысында министрдің орынбасары "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын таныстырылды.
Оның айтуынша, 2024 жылға арналған бюджет шығыны 1,5 триллион теңгеге ұлғайып, шамамен 24 триллион теңге болады. Жалпы бюджет шығынының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі болады.
"Индекстелген зейнетақы және жәрдемақыны төлеуге 5,4 триллион теңге, отбасыларды қолдауға, бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Осы мақсатқа келесі жылы 93,3 миллиард теңге көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әйелдердің зейнет жасын 61 жас деңгейінде сақталып отыр. Бұл 150 мыңнан аса адамды қамтиды және есепті кезеңде 473 миллиард теңге қажет", - деді Абзал Бейсенбекұлы.
Сондай-ақ, вице-министр қазақстандықтардың табысын арттыруға да қаржы қарастырылғанын жеткізді.
"Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру үшін 2024 жылы 3,7 триллион теңге көзделген. Оның ішінде 1,5 миллионнан аса жұмысшының жалақысын көтеруге бюджеттен 2,5 триллион теңге, өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 100 мың жұмыс орнын ашу үшін 724 миллион теңге, "Ауыл аманаты" жобасы аясында 100 миллиард теңге бөліп, 18 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Мемлекеттік және әлеуметтік қолдау көрсету бағытында жүйелі шаралар іске асыру үшін 378 миллиард теңге көзделген. Бұл қаражат 11 мың жұмыс орнын ашуға бағытталады", - деді министрдің орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтардың биылғы орташа жалақысы белгілі болғаны хабарланды.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!