Жұмысшылар үшін жаңа ипотекалық бағдарлама пайда болуы мүмкін

Жұмысшылар үшін жаңа ипотекалық бағдарлама пайда болуы мүмкін
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Мәжілістегі Respublica фракциясының депутаттары өңдеу өнеркәсібі саласындағы жұмысшылар үшін жаңа ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Бұл туралы депутат Динара Шүкіжанова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазір өңдеу өнеркәсібіндегі білікті кадрлар сауда, құрылыс сияқты салаларға кетіп жатыр. Мұнда проблема бар. Өйткені, саладағы жалақы - бәсекеге қабілетсіз. Кадр тапшылығы барлық деңгейде сезіледі: жұмысшылардан бастап инженерлерге дейін", - деді ол премьер-министрдің бірінші орынбасар Роман Склярдың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, бүгінде өңдеу секторында 590 мың адам жұмыс істеп жүр.

"Саладағы жұмысшылардың орташа жалақысы - 415 мың теңге. Бұл еңбекақы басқа салалармен салыстырғанда төмен. Мысалы, тау-кен өндіру секторында орташа жалақы - 757 мың теңге, ақпарат және байланыс секторында - 530 мың теңге, құрылыста - 484 мың теңге, көлікте және қоймада - 474 мың теңге", - деді Динара Шүкіжанова.

Депутаттың пікірінше, кадрлардың экономикадағы басқа секторына ауысуына басты себеп - көбірек ақша тауып, жеке пәтер алуға деген ұмтылыс. Осыған байланысты Respublica партиясы жұмысшылар үшін жаңа ипотекалық бағдарлама әзірлеу керектігін атап өтті.

"Біз бизнеспен бірлесіп, " Әскери баспана " бағдарламасына ұқсас жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынамыз. Бұл бағдарлама өңдеуші өнәркәсіп саласындағы жұмысшыларға арналады. Мұндай бағдарлама Татарстанда сәтті іске асып жатыр", - деді Динара Шүкіжанова.

Депутат бүгінгі жалақымен қарапайым жұмысшыға ипотека алу қиынға соғатынын жеткізді.

"Бүгінде банктер пайыздық мөлшерлемесі жылына 15,5-25 пайыз болатын ипотека ұсынады. Бастапқы жарна - 10 пайыздан 50 пайызға дейін. Сондай-ақ баспана бағасының 1 шаршы метрі - 300-720 мың теңге аралығында. Мысалы, құны 19 млн теңге болатын пәтерді,10 жылға 25 пайыз пайыздық мөлшерлемемен ипотекаға алдық деп есептейік. Онда ай сайынғы төлем 341 мың теңге болуы мүмкін. Орташа айлық 415 мың теңге деп есептесек, онда сіз 10 жыл ішінде 26 млн теңгені артық төлейсіз", - деді ол.

Respublica партиясы өңдеу өнеркәсібі саласына білікті кадрларды тарту үшін мыналарды ұсынды:

Өңдеу өнеркәсібі саласының жұмысшылары үшін өнеркәсіптік ипотекалық бағдарламасын әзірлеу. Онда пайыздық ставка - 6 пайыз, баспананың құнына байланысты алғашқы жарна - 15 пайыз. Біз бағдарламаны әзірлеу кезінде шарттарды талқылауға дайынбыз.

Бұдан басқа, әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру және қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін "Отбасы банк" АҚ-на халықтың барлық санаты үшін нөлге тең бағалау көрсеткіші мәнімен аралық қарыз алудың бұрынғы шарттарын қайтаруды ұсынамыз.

"Өңдеуші өнеркәсіптегі жұмысшыларға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама саладағы білікті кадларды сақтап қана қоймай, бұл жұмыстың беделін айтарлықтай арттырады. Жастар зауыттарда жұмыс істеуге ұмтылады. Осылайша, біз отандық өнеркәсіпті дамыта аламыз ", - деді Динара Шүкіжанова.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz