Қазақстанда жұмыспен қамту бағдарламаларына бөлініп жатқан қаржы ақталып жатыр ма? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Жуырда Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповадан жұмыспен қамту бағдарламалары қаншалықты тиімді екенін сұрады.
Сабильяновтың сөзінше, министрлік тарапынан жұмыспен қамтуға қатысты түрлі жоба, бағдарлама жүзеге асырылып жатқанымен, қатаң қадағалау жоқ.
"Мемлекет тарапынан азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету, жұмыс орындарын ашу үшін көптеген бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бірақ осы бағдарламалардың ешқандай нәтижесі жоқ. Сіздердікі құр сылдырлаған сөз. Талдау жасалмайды. Нарықта не болып жатқанын білмейсіздер. Ұлттық экономика министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қазақстан Даму банкі бар. Олармен байланыс жоқ" - деді депутат.
Мәжіліс депутаты тиісті министрлікті тек бағдарламаларды жүзеге асырып, жобаларды қолданысқа енгізеді де, әрі қарай оның нәтижесін қарап, қаражат қайда кетіп жатқанын қадағаламайды деп сынады.
"Неге қаражат тиімсіз жұмсалып жатыр?! Қашан нәтиже болады? "Кәсіптік оқыту", "Бизнес бастау", "Жастар практикасы", "Қоғамдық жұмыстар", "Ұрпақтар келісімшарты", "Күміс жас" дейді. Осы жобалар бар. Қарапайым халыққа қандай нәтиже?!" - деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми жауабына сүйенсек, 2022-2024 жылдарға арналған бұл бағыттағы қаражат - 438 753 483 мың теңге. Оның ішінде:
Ведомство мәліметінше, бөлінген қаражаттың 377 679 641 мың теңгесі, яғни 86,1 пайызы игерілген:
Министрлік игерілмеген қаражат жөнінде де мәлімет ұсынды. Ақпаратқа сүйенсек, 61 073 842 мың теңге игерілмеген, оның ішінде:
Министрлік жұмыспен қамту бағдарламаларының нәтижесі туралы сауалға жауап берді. Ведомство 2023 жылдың қорытындысы бойынша 398,9 мың адам қамтылды деп есеп берді:
Осылайша, бұл салаға жауап беретін министрлік былтыр көрсеткіштерге толық жеттік деп отыр.
2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 305,5 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған:
Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі республикалық бюджеттен бөлінген қаражат игерілуіне және бюджеттік бағдарлама нәтижелі болуына жауапты, ал оны Жоғары аудиторлық палата бақылайды.
Ведомство жауабы бойынша қазір халықты жұмыспен қамту 3 бағытта жүзеге асырылып жатқаны белгілі болды:
Айта кетейік, кәсіптік оқытудың ұзақтығы 6 айдан аспайды.
"2022 жылғы 1 қаңтар мен 2024 жылғы 31 қазан аралығында қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 35,4 мың адам жіберілді. Оқуды 29,8 мың адам аяқтады, олардың арасынан 26,5 мың адам жұмысқа орналасты", - деп жазылған министрлік жауабында.
2022 жылдан бастап "Бастау бизнес" жобасы бойынша 325 мың адам қамтылған, оның ішінде 238,4 мың адам сертификаттар алған.
"Бастау бизнес" жобасы бойынша оқыған халықтың әлеуметтік осал тобы (атаулы әлеуметтік көмек алушылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар және т.б.) жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қайтарымсыз гранттар алу үшін конкурсқа қатыса алады. Грант қажет еңбек құралдарын, технологиялық жабдық, жануарлар, мал, құс, көшет, бұта, тұқым, өсімдік сатып алуға, ғимараттарды жалға алу ақысын төлеуге пайдаланылады.
2022-2024 жылдары жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 39,8 мың грант берілген.
Министрлік жауабына сүйенсек, мансап орталықтары жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жұмыссыздарды субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырады. Қазір жұмыссыздардың жасына, білім деңгейіне байланысты 6 түрлі субсидияланатын жұмыс орны бар: қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, "Алғашқы жұмыс орны", "Ұрпақтар келісімшарты" және "Күміс жас" жобалары.
Жауап бойынша 2022 жылғы 1 қаңтар мен 2024 жылғы 31 қазан аралығында субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы 551,7 мың адам жұмысқа орналасқан.
Министрлік жауабы бойынша 2022 жылғы 1 қаңтар мен 2024 жылғы 31 қазан аралығында жұмыспен қамту шараларымен 1 076 211 адам қамтылған.
Ауылдық жерде жұмыс істейтіндерге қандай жеңілдік бар?
Оның ішінде 564,1 мыңы - ауыл тұрғындары.
Министрлік бүгінде барлық жоба "Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасы" ақпараттық жүйесіне және электрондық еңбек биржасына құйылатынын, осы арқылы күнделікті мониторинг жүргізіледі деп сендірді.
Қазақстанда ұлттық жобалардан бөлек өңірлік жұмыспен қамту жобалары да бар. Ведомство жауабына сүйенсек, былтыр 963,5 мың адам жұмысқа орналасқан: ұлттық жобалар шеңберінде 66,8 мың адам; жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында 198,3 мың адам; бос жұмыс орындарымен 316 мың адам; Тоқаевтың "10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны" бастамасымен 382,4 мың адам жұмысқа тұрған.
Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 771,1 мың адам жұмысқа тұрды деген ақпарат берілді, оның ішінде ұлттық жобалар және тұжырымдамалар шеңберінде 53 мың адам; жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында 189,7 мың адам; бос жұмыс орындарымен 229,1 мың адам; "10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны" бастамасымен 281,1 мың адам жұмысқа тұрған.
Еске салайық, бұған дейін елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыз екені, Қазақстанда әлі де 452 мың жұмыссыз адам бары хабарланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз