Жұмыспен қамту бағдарламалары расында жұмыспен қамти ма?

Жұмыспен қамту бағдарламалары расында жұмыспен қамти ма?
Фото: Midjourney

Қазақстанда жұмыспен қамту бағдарламаларына бөлініп жатқан қаржы ақталып жатыр ма? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.

"Сіздердікі құр сөз" - депутаттың талабы

Жуырда Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповадан жұмыспен қамту бағдарламалары қаншалықты тиімді екенін сұрады.

Сабильяновтың сөзінше, министрлік тарапынан жұмыспен қамтуға қатысты түрлі жоба, бағдарлама жүзеге асырылып жатқанымен, қатаң қадағалау жоқ.

"Мемлекет тарапынан азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету, жұмыс орындарын ашу үшін көптеген бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бірақ осы бағдарламалардың ешқандай нәтижесі жоқ. Сіздердікі құр сылдырлаған сөз. Талдау жасалмайды. Нарықта не болып жатқанын білмейсіздер. Ұлттық экономика министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қазақстан Даму банкі бар. Олармен байланыс жоқ" - деді депутат.

Мәжіліс депутаты тиісті министрлікті тек бағдарламаларды жүзеге асырып, жобаларды қолданысқа енгізеді де, әрі қарай оның нәтижесін қарап, қаражат қайда кетіп жатқанын қадағаламайды деп сынады.

"Неге қаражат тиімсіз жұмсалып жатыр?! Қашан нәтиже болады? "Кәсіптік оқыту", "Бизнес бастау", "Жастар практикасы", "Қоғамдық жұмыстар", "Ұрпақтар келісімшарты", "Күміс жас" дейді. Осы жобалар бар. Қарапайым халыққа қандай нәтиже?!" - деді ол.

438 миллион теңге: қайда, не үшін жұмсалған қаржы?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми жауабына сүйенсек, 2022-2024 жылдарға арналған бұл бағыттағы қаражат - 438 753 483 мың теңге. Оның ішінде:

  • 2022 жылға 116 172 342 мың теңге;
  • 2023 жылға 141 703 393 мың теңге;
  • 2024 жылға 180 877 748 мың теңге.

Massaget.kz

Ведомство мәліметінше, бөлінген қаражаттың 377 679 641 мың теңгесі, яғни 86,1 пайызы игерілген:

  • 2022 жылы 108 414 609 мың теңге, 93,3 пайызы;
  • 2023 жылы 140 618 839 мың теңге, 99,2 пайызы;
  • 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 128 646 193 мың теңге, 71,1 пайызы.

depositphotos.com

Министрлік игерілмеген қаражат жөнінде де мәлімет ұсынды. Ақпаратқа сүйенсек, 61 073 842 мың теңге игерілмеген, оның ішінде:

  • 2022 жылы 7 757 733 мың теңге;
  • 2023 жылы 1 084 554 мың теңге;
  • 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 52 231 555 мың теңге.

Құйылған қаржы ақталды ма?

Министрлік жұмыспен қамту бағдарламаларының нәтижесі туралы сауалға жауап берді. Ведомство 2023 жылдың қорытындысы бойынша 398,9 мың адам қамтылды деп есеп берді:

  • 11,9 мың адам жұмыс берушілердің сұраныстары бойынша кәсіптік оқытылды;
  • 46,1 мың жұмыссыз адам электрондық еңбек биржасындағы дағдыларға сай оқытылды;
  • 133,4 мың адам "Бастау бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарымен қамтылды;
  • 9,1 мың адамға жаңа бизнес идеяларды іске асыруға қайтарымсыз гранттар берілді;
  • 121,4 мың адам ақылы қоғамдық жұмыстармен қамтылды;
  • 17,4 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасты;
  • 34 мың жас маман алған кәсіптері бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау үшін жастар практикасына жіберілді;
  • 10 мың жас алғашқы жұмыс орнына жұмысқа тұрды;
  • 493 адам "Ұрпақтар келісімшарты" жобасына қатысушы атанды;
  • елу жастан асқан 15 166 жұмыссыз "Күміс жас" жобасына қатысты.

Осылайша, бұл салаға жауап беретін министрлік былтыр көрсеткіштерге толық жеттік деп отыр.

2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 305,5 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған:

  • 116,1 мың адам кәсіптік оқыту, "Бастау бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, онлайн оқыту курстарымен қамтылды;
  • 8,9 мың адамға жаңа бизнес идеяларды іске асыруға қайтарымсыз гранттар берілді;
  • 180,5 мың адам мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасты, оның ішінде: 30,5 мың адам жастар практикасына жіберілді; 15,4 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасты; 106,2 мың адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді; 9,3 мың адам "Ұрпақтар келісімшарты" жобасына қатысты;
  • 409 адам алғашқы жұмыс орнына жұмысқа тұрды;
  • 18,7 мың адам "Күміс жас" жобасына қатысты.

depositphotos.com

Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі республикалық бюджеттен бөлінген қаражат игерілуіне және бюджеттік бағдарлама нәтижелі болуына жауапты, ал оны Жоғары аудиторлық палата бақылайды.

Бағдарламалардың кейінгі жылдардағы нәтижесі қандай?

Ведомство жауабы бойынша қазір халықты жұмыспен қамту 3 бағытта жүзеге асырылып жатқаны белгілі болды:

  • Біріншісі. Жұмыс берушілердің өтінімдері және еңбек нарығында сұранысқа ие біліктіліктер мен дағдылар бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқыту.
  • Екінші бағыт. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Осы бағыт шеңберінде: 1) "Бастау бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік білім беріледі; 2) Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беріледі.
  • Үшінші бағыт. Субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру (Қоғамдық жұмыстар, Әлеуметтік жұмыс орындары, Жастар практикасы, "Алғашқы жұмыс орны, "Ұрпақтар келісімшарты", "Күміс жас" жобалары).

Айта кетейік, кәсіптік оқытудың ұзақтығы 6 айдан аспайды.

"2022 жылғы 1 қаңтар мен 2024 жылғы 31 қазан аралығында қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 35,4 мың адам жіберілді. Оқуды 29,8 мың адам аяқтады, олардың арасынан 26,5 мың адам жұмысқа орналасты", - деп жазылған министрлік жауабында.

2022 жылдан бастап "Бастау бизнес" жобасы бойынша 325 мың адам қамтылған, оның ішінде 238,4 мың адам сертификаттар алған.

"Бастау бизнес" жобасы бойынша оқыған халықтың әлеуметтік осал тобы (атаулы әлеуметтік көмек алушылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар және т.б.) жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қайтарымсыз гранттар алу үшін конкурсқа қатыса алады. Грант қажет еңбек құралдарын, технологиялық жабдық, жануарлар, мал, құс, көшет, бұта, тұқым, өсімдік сатып алуға, ғимараттарды жалға алу ақысын төлеуге пайдаланылады.

2022-2024 жылдары жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 39,8 мың грант берілген.

Министрлік жауабына сүйенсек, мансап орталықтары жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жұмыссыздарды субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырады. Қазір жұмыссыздардың жасына, білім деңгейіне байланысты 6 түрлі субсидияланатын жұмыс орны бар: қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, "Алғашқы жұмыс орны", "Ұрпақтар келісімшарты" және "Күміс жас" жобалары.

Жауап бойынша 2022 жылғы 1 қаңтар мен 2024 жылғы 31 қазан аралығында субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы 551,7 мың адам жұмысқа орналасқан.

Ауылдағылар қалыс қалып қойған жоқ па?

Министрлік жауабы бойынша 2022 жылғы 1 қаңтар мен 2024 жылғы 31 қазан аралығында жұмыспен қамту шараларымен 1 076 211 адам қамтылған. 

Ауылдық жерде жұмыс істейтіндерге қандай жеңілдік бар?

midjourney

Оның ішінде 564,1 мыңы - ауыл тұрғындары.

Министрлік бүгінде барлық жоба "Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасы" ақпараттық жүйесіне және электрондық еңбек биржасына құйылатынын, осы арқылы күнделікті мониторинг жүргізіледі деп сендірді.

Қазақстанда ұлттық жобалардан бөлек өңірлік жұмыспен қамту жобалары да бар. Ведомство жауабына сүйенсек, былтыр 963,5 мың адам жұмысқа орналасқан: ұлттық жобалар шеңберінде 66,8 мың адам; жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында 198,3 мың адам; бос жұмыс орындарымен 316 мың адам; Тоқаевтың "10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны" бастамасымен 382,4 мың адам жұмысқа тұрған.

Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 771,1 мың адам жұмысқа тұрды деген ақпарат берілді, оның ішінде ұлттық жобалар және тұжырымдамалар шеңберінде 53 мың адам; жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында 189,7 мың адам; бос жұмыс орындарымен 229,1 мың адам; "10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны" бастамасымен 281,1 мың адам жұмысқа тұрған.

Еске салайық, бұған дейін елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыз екені, Қазақстанда әлі де 452 мың жұмыссыз адам бары хабарланды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова