- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жұмысқа тұрғыңыз келсе,...
Жұмысқа тұрғыңыз келсе, мына сөздерді айтпаңыз
Кей жұмыс орындарына тұру бірнеше кезеңнен тұрады: мессенджер арқылы сөйлесу, түйіндеме жазу, тест орындау және т.б. Алайда қандай жұмыс болмасын қызметкерді жұмысқа алмас бұрын онымен міндетті түрде сұхбаттасады. Ендеше, сұхбаттасу кезінде қандай сөздерді айтпаған жөн?
"Мен байқап көрейін"
Бұл сөз болашақ қызметкердің сенімсіздігін көрсетеді. Шындығында, сіздің байқап көргеніңізді ешкім қаламайды, жұмыс берушіге сіздің жұмысты жасағаныңыз керек.
Адам "мен байқап көрейін" десе, ол өзінің уайымдап тұрғанын және қандай нәтиже беретініне сенімсіз екенін көрсетіп қояды. Егер адам өз-өзіне сенбесе, оның жетістікке жету мүмкіндігі төмен. Ал бұл басшылық үшін де жақсы көрсеткіш емес.
Сұхбаттасу кезінде барлық адам уайымдап отырады, бірақ тынышталуға тырысыңыз. Сіздің барлық тапсырмаларды бірден орындап шығатыныңызға ешкім кепіл бере алмайды. Жұмысқа жаңадан тұрған кезде процеске еніп кетуіңізге біраз уақыт керек. Оны жұмыс беруші де жақсы түсінеді. Сондықтан ол жағын қатты уайымдамаңыз.
"Менде түйіндеме/портфолио жоқ"
Кез келген жұмыс сізден түйіндеме сұрайды. Кей жұмыс орындары портфолио сұрауы мүмкін. Сұхбаттасуға барған кезде "қазір қолымда түйіндемем жоқ еді", "портфолиом әлі дайын болмады" десеңіз, жұмыс берушінің көңілін қалдырасыз. Олардың қарапайым талабын орындамағаннан кейін сізді ары қарай жұмысқа алудың қажеті болмай қалады. Егер жұмысқа орналасқыңыз келсе, сізде ең алдымен түйіндеме мен портфолио дайын болуы керек.
"Бұл жайлы түйіндемеде жаздым ғой"
Сіз жұмыс берушінің түйіндемеңізді оқымағанына ренжуіңіз мүмкін. Бірақ эмоцияға берілудің қажеті жоқ. Біріншіден, ол егжей-тегжейлі білгісі келгендіктен, сізге ол сұрақты қайта қойған болуы мүмкін. Екіншіден, олар сіздің жұрт алдында қалай сөйлейтініңізді көргісі келген болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда сұраққа жауап беріңіз, өзіңіз және нәтижелеріңіз жайлы айтыңыз.
"Бұрынғы басшылық маған мүлдем ұнамайтын"
Кез келген жұмыс беруші бұрынғы жұмыстан не үшін кеткеніңізді және бұрынғы әріптестеріңізбен қарым-қатынасыңыз қандай болғанын білгісі келеді. Бірақ бұл сұраққа жауап бергенде абай болыңыз. "Бұрынғы басшылық, жұмыс, әріптестер ұнамады" деп жамандағанша, ол жақтан қандай тәжірибе алғаныңызды айтыңыз.
"Жалақыны қашан көтереді?"
Жұмысқа тұрарда жалақыны сұрауда тұрған ештеңе жоқ. Алайда бұл сіздің бірінші сұрағыңыз болмауы тиіс. Сізге алдымен жұмыстың өзі қызық болуы керек: ол қандай компания, бұл компания қандай жобалармен жұмыс істейді, қандай тапсырмалар беріледі және т.б. Осы сұрақтардың жауабын алған соң бұл жұмыс үшін қанша жалақы берілетінін сұраңыз. Сондай-ақ сұхбаттасу кезінде жалақыны қашан көтеретінін сұрамаған жөн. Алдымен нақты жұмыс көлемін орындап, жобаны тапсырыңыз. Кейін жалақыны өсіру жайлы сөйлесесіз. Бірақ сұхбаттасу кезінде жалпы мансап бойынша өсім бола ма екенін білуге болады.
Жұмыс беруші жобасын сеніп тапсыруға болатын жарқын, сенімді және мақсатты қызметкерді көргісі келетінін ұмытпаңыз.
Өтірік айтатын адам қандай сөздерді жиі айтатыны анықталды
А. Жапатова