“Жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ“ - Президент кейбір ұлттық компаниялардың қызметкерлері туралы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа әрі сапалы инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегия қажет екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Кәсіпкерлер экономикамызға сапалы инвестиция салу арқылы жұмыс орындарын ашады, жұрттың табысын арттыруға үлес қосады. Біз "Бәйтеректі" инвестициялық холдинг ретінде қайта құрдық. Мұндай қадамның нақты себебі болды. Холдинг нарықтық экономикаға серпін беріп жатыр, бірақ бұл қадам жеке бастамаларды шектемеуге тиіс", - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, "Самұрық-Қазына" қорына да дәл осындай талап қойылады.

"Самұрық-Қазына" қоры және ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей, "сол жағалаудың" адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды. Инфляция деңгейі тұрақталып, төмендегеннен кейін нарық қағидаттарын күшейту керек болады. Даму институттары бизнеспен және қаржы секторымен тиімді қарым-қатынас орнатуы қажет. Бұл қатынас бәсекелестікке емес, өзара серіктестікке негізделуі керек. Елімізде инвесторлардың қызығушылығын арттыратын салалар көп. Осы салаларды дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасында сындарлы ынтымақтастық болуға тиіс", - деді Мемлекет басшысы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!