Жұмысқа кешіккені үшін айыппұл салу заңды ма? Министрлік түсіндірді

Жұмыс беруші қызметкеріне кешіккені, жұмыста қателік жібергені немесе еңбек тәртібін бұзғаны үшін ақшалай айыппұл сала ала ма? Еңбек заңнамасында қандай жазалар қарастырылған? Бұл сұрақтарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еңбек кодексінің 64-бабына сәйкес, қызметкер еңбек тәртібін бұзған жағдайда жұмыс беруші мынадай тәртіптік жазалардың бірін қолдана алады:

  • ескерту;
  • сөгіс;
  • қатаң сөгіс;
  • Еңбек кодексінде қарастырылған негіздер бойынша еңбек шартын бұзу.

Еңбек кодексі мен Қазақстан заңдарында көрсетілмеген өзге тәртіптік жазаларды қолдануға тыйым салынады.

"Мысалы, қызметкер жұмысқа 20 минут кешігіп келсе, жұмыс беруші оған өз бетінше 10 мың теңге айыппұл салып, бұл соманы жалақысынан ұстап қала алмайды. Заңды негіз болған жағдайда ғана белгіленген тәртіпті сақтай отырып, заңда қарастырылған тәртіптік жазалардың бірін қолдана алады", - деп хабарлады Еңбек министрлігі.

онымен қатар жұмыс беруші қызметкерге өз қалауынша тәртіптік жаза бере алмайды. Жаза қолданбас бұрын қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етуге міндетті. Қандай жаза қолданылатынын шешкенде, тәртіпбұзушылықтың сипаты мен ауырлығы, сондай-ақ, оның қандай жағдайда болғаны ескерілуі керек.

Министрлік заңсыз салынатын ақшалай айыппұл мен заң бойынша жалақыдан ұсталатын қаражаттың аражігін ажырату қажет екенін де атап өтті.

"Еңбек кодексінің 115-бабында қызметкердің жалақысынан қандай жағдайларда ақша ұстауға болатыны көрсетілген. Ал кейбір өзге жағдайларда қызметкердің жазбаша келісімі болғанда ғана жалақысынан қаражат ұстауға рұқсат етіледі", - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Атап айтқанда, заңда көзделген тәртіппен және қызметкердің жазбаша келісімі болған жағдайда жұмыс беруші мынадай қаражатты жалақыдан ұстай алады:
  • жалақы есебінен алдын ала берілген, бірақ жұмыспен өтелмеген ақшаны қайтару үшін;
  • есептеудегі қателіктің салдарынан артық төленген соманы қайтару үшін;
  • іссапарға немесе басқа жерге ауысуына байланысты беріліп, жұмсалмаған әрі уақытында қайтарылмаған ақшаны өндіріп алу үшін;
  • қызметкер келтірген шығынды өтеу үшін (егер шығын мөлшері оның орташа айлық жалақысынан аспаса);
  • қызметкер жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан кері шақырылған жағдайда, пайдаланылмаған демалыс күндері үшін төленген ақшаны қайтару үшін.

Демек, еңбек тәртібін бұзғаны үшін ақшалай айыппұл салу мен заңды негізде жалақыдан ақша ұстау – екі бөлек мәселе. Жұмыс беруші заңда белгіленген тәртіптік жазалардың орнына өз бетінше ақшалай айыппұл енгізе алмайды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!