- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жұмысбасты адамдар үшін...
Жұмысбасты адамдар үшін дұрыс тамақтанудың құпиясы
Жұмысбасты адамдардың көпшілігі жұмыстарымен жүгіріп жүріп, кофе іше салады және түскі ас кезінде асығыс фастфуд немесе қандай да бір пісірме жей салады. Алайда мұндай тамақтану тәртібі денсаулыққа зиян, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Егер түскі аста мүлдем тамақ ішпеу мен "пайдалы емес" тамақ жеудің арасынан таңдау қажет болса, әрине кешке дейін аш жүргеннен гөрі қандай болсын тамақ жеген дұрыс. Алайда ұзақ уақыт бойы дұрыс емес тамақтану зат алмасу проблемаларына, артық салмаққа және асқорыту жүйесі жағдайының нашарлауына әкеледі. Оған қоса, кеңседе жұмыс істейтіндер әдетте өте аз қозғалады. Бұл денсаулыққа екі есе зиян келтіреді. Ендеше, уақыт тапшы болса, қалай дұрыс тамақтануға болады?
Дұрыс тамақтану - бірінші кезекте ағзаға барлық қажетті нутриенттің түсуі: ақуыздар, көмірсулардың әртүрлі типтері, майлы молекулалар, дәрумендер мен минералдар. Күні бойы сергек жүру үшін, жұмысқа зейін қоя алу үшін және иммунитетті сақтау үшін дұрыс тамақтану, физикалық белсенді болу және ұйқының маңызы зор.
Тамақтануды алдын ала жоспарлау
Дұрыс тамақтанудың басты ережесінің бірі - жоспарлау. Ол уақыт үнемдеуге және аяқасты "зиянды" тіскебасар жеуден қорғайды:
- Бір аптаға мәзір құрыңыз. Демалыс күні алдағы бір аптаға мәзір құруға аздап уақыт бөліңіз. Оған оңай дайындалатын және тоңазытқышта бірнеше күн сақтауға болатын тағамдарды қосыңыз.
- Пайдалы тіскебасарлар сатып әкеліп қойыңыз. Қол астында жаңғақтар, жемістер, йогурттар секілді пайдалы тіскебасарлар болуы керек.
- Оңай және пайдалы рецепттер тауып қойыңыз. Дұрыс тамақтану қиын болу керек деген сөз емес. Интернетте пайдалы заттармен қамтамасыз ететін және жылдам дайындалатын рецепттер көп.
- Кешке дайындап қойыңыз. Ұйықтар алдында ертеңгі таңғы асыңызды дайындап қойыңыз. Мысалы, сұлы жармасына су құйып қойыңыз немесе смузидің ингредиенттерін дайындап қойыңыз.
Қоректік заттардың тепе-теңдігін сақтау
Өзіңізді күні бойы сергек сезіну үшін жүйелі тамақтану ғана емес, сондай-ақ рациондағы қоректік заттардың тепе-теңдігін бақылау маңызды:
- Рационға ақуыздар қосыңыз. Ақуыз - энергия көзі және ол ұзақ уақыт бойы тоқ жүруге көмектеседі. Әр тамақтану порциясына ет, балық, жұмыртқа, сүтті өнімдер секілді ақуыздар қосуға тырысыңыз.
- Жасұнық жайлы ұмытпаңыз. Жасұнық асқорытуды жақсартады және энергия деңгейін сақтауға көмектеседі. Рационға көбірек көкөністер, жемістер, тұтас дәнді дақылдар мен жаңғақтар қосуды ұмытпаңыз.
- Майлар мен көмірсуларды шамадан тыс тұтынбаңыз. Ал авокадо, зәйтүн майы секілді пайдалы майлар жүрекке пайдалы және ұзақ уақытқа энергия сыйлайды.
Жұмыс үстелінде тамақ жемеу
Көпшіліктің кеңседе жіберетін қатесі – жұмыс компьютерінің алдында тамақ жеу. Соның кесірінен артық тамақтанып қоясыз және күннің соңында өзіңізді ауыр сезініп, шаршап тұрасыз. Сондықтан мүмкіндік болса, түскі ас үзілісінде кеңседен шыққан дұрыс немесе кеңседегі арнайы асүйде тамақтанған жөн.
Су құятын бөтелке алу
Күніне 2 литр су ішу керектігін білеміз, бірақ ұмытып кетіп жатамыз. Стақаныңызда су бітіп қалғаннан кейін біразға дейін су ішу туралы ұмытып кетуіңіз мүмкін. Сондықтан әрдайым қолыңызда жүретін су құятын бөтелке болғаны дұрыс. Оны кез келген жиналысқа немесе кездесуге бірге алып жүріңіз.
Оқи отырыңыз: Ұйқы режимін сақтамайтындар шалдығатын 6 ауру
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова