- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жұмыс істеуден бас...
"Жұмыс істеуден бас тарттым". Танымал әншілердің киімін тігетін дизайнер кәсібінің құпиясын бөлісті
Қазір эстарда жұлдыздары, шоу-бизнес өкілдерінің сахналық образын тігетін арнайы дизайнер-тігіншілері бар. Солардың бірі - бірнеше жылдан бері танымал эстрада жұлдыздарына сахналық киім образдарын тігетін Айжан Смайыловамен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.
"Шеберлік атамнан дарыды"
Айжан бала кезінен қолөнерге қызығып өскен.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
"Әкем Ереже 9 айлық сәби кезімде қайтыс болды. Он баланы анам өзі өсіріп, жеткізді. Бойыма біткен шеберлік атам Смайылдан дарыған. Атам өте шебер, қолынан түрлі ағаш өнері, тері өңдеу, тон, етік тігетін мықты адам болған екен. Соғыстан жаралы боп келгенде халықты ұйымдастырып, мектеп салған. Ағаш тіліп, тақтайдан есік, терезе, партаны өз қолымен жасаған. Мектеп музейінде сол партасы әлі тұр. Осы өнерге бейім екенімді анам байқап, кішкентайымнан баулыды. Бала кезімде көршілерім тоқыма тоқитын еді. Соны көріп, үйге келіп өзім түрлі нәрсе жасайтынмын. Тіпті, сенесіз бе, сырт киімдерді үйлестіріп, матадан түрлендіріп, бас киім де тігіп алатынмын", - деді ол.
Ол кішкентайынан-ақ тігін машинасымен жұмыс істеген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"5-сыныптан бастап тоқыманы үйреніп алдым. Түрлі құрақ құрап, көршілердің үйіне де барып көмектесетінмін. Әрі қарай да тігуді үйреніп, түрлі жемпір, тақия, жеңсіз киім тоқи беретінмін. Шешемнің тігін машинасымен ұзын пальто болса, соған үйлестіріп бас киім, шарф тігіп алатынмын. Сол кездері мата жоқ болатын. Жаңа нәрсе тігу үшін ескі костюмдердің ішкі жағын алып жуамын. Сосын қиып, бүрмелі белдемшелер, жейделер тігемін. Кейде соның бәрін қалай істегеніме өзім таңғаламын.
Мектепте сурет салудан да қабілетім ерекше болды. Үйірмеден беретін Алғабек ағайым "болашақта Гүлфайрус Исмайлова сияқты атақты суретші шығады" деп шабыттандыратын", - деді Айжан.
"Орысша сөйлесем, қыздар күлетін"
Айжан Семейдегі жеңілөнеркәсіп колледжін тәмамдаған.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
"Семейдегі мен оқыған "Сервис" колледжі қазір жабылып қалды. Соны конструктор мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Бұл оқу орнында мықты адамдар сабақ берді. Бірақ бәрі орыс болатын. Қазақ тобы деп аталғанымен кітаптың бәрі орысша еді. Ауылдан келгендіктен, орысша білмейтінмін. Семейде тұратын Динара әпкемнің көмегі осы тұста көп болды. Кітапты аударып, үйден бәрін түсіндіретін. Сосын сызудан жақсы болдым. Көзбен жақсы өлшеймін. Колледжде оқып жүргенде салған суреттерім, тоқымаларым көрмелерге қойылатын", - деді дизайнер-тігінші.
Айжанға орыс тіліндегі оқу қиындық тудырған. Бірақ сонда да оқуды қызыл дипломға алып шыққан.
"Бізге сабақты неміс апай берді. Сол кезде орыс қыздар сызуды дұрыс салмайтын. "Мыналар түсінеді ғой, неге сыза алмайды?" деп таңғалатынмын. Ал мен сызғаныммен, апайдың айтып тұрғанын түсінбейтінмін. Орысша сөйлесем, қыздар "Айжан, сен сөйлемеші" деп күлетін. "Қайта үйретіңдер" деп сонда да қайтпайтынмын. "Олар секілді мен де қызыл дипломға бітіремін" деп сөз бердім өзіме, ақыры сол уәдемді орындадым. Бізге Ұлттық дизайн академиясының академигі Гүлнар Жүнісова кураторлық жасады. Осындай мықты жандардан көп нәрсе үйрендім. Колледжде "Сән театры" деген болды, соның киімдерін тігетінбіз. Дипломдық жұмыс кезінде Египеттіктердің киімі, соның ішінде Клеопатраның бас киімін тоқыдым", - деді ол.
"Алғашқы жалақыма тігін машинасын алдым"
Айжанның айтуынша, оқу бітірген соң 20 жасында тұрмысқа шыққан.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан
"Алматы облысы, Нарынқол ауданының тумасымын. 20 жасымда жар болатын азаматым Бектұрсынды кездестіріп, отбасын құрдық. Бес баланың анасымын. Тұрмысқа шыққаннан соң 4-5 жылдай үйде болдым. Қызым мен ұлым сәл өскен соң, 2006 жылы Алматыдағы "Сезон" деген ательеге барып, екі жыл жұмыс істедім. Сол жерде дизайнер Дәмелі Жұмабек екеуміз танысып, бірге жұмыс істедік. Оның дипломдық жұмысындағы киімдерге де көмектестім. Әлі күнге дейін жақсы араласамыз, жақын құрбымыз. Тұрмысқа шыққан кезде ұзату көйлегін тігіп бердім", - деді ол.
Оның айтуынша, ательеде қолы жаттығып, біраз нәрсені үйренген.
"Орыстар ештеңе көрсетпейтін, әрі көп жұмыс бермейтін. Арзан жұмыстарды тапсыратын. Сосын үйге өзімнің бір айлығыма, сол кезде 47 мың теңгеге алғашқы тігін машинамды сатып алдым. Әр айлығымды аларда қиялдаймын. Мына айлығыма "бірдеңе аламын" деп жоспарлайтынмын. Тігін машина сатып алатынымды айтқанда орыстар маған "үйіңнен фабрика, цех ашайын деп жатырсың ба?" деп күлді. Ол кезде көп адамдар үйге тігін машинасын алмайтын. Неге екенін білмеймін. "Айжан үйінен цех ашу үшін тігін машинасын сатып алып жатыр" деп бір-біріне айтып, мені мазақтады. Сол сөз кеудеме қатты қадалды. Ішімнен "әлі-ақ дәлелдеймін" деп ойладым. Екінші осындай әсер еткен жағдайды айтайын. Мамандығым конструктор болғаныммен, тәжірибем жоқ болатын. Бізге салонда конструкторлар кесіп, дайындап береді ғой. Ал қалған қағаздарды қоқысқа тастайды. Соны көріп, "оны тастамаңызшы, өтініш, маған бересіз бе, үйренейін деп едім" дедім. Сол кезде ол қарап тұрды да, "Айжан, мұның бәрі ақша ғой" деді. Сол кезде іштей өзіме-өзім мықты маман болатыныма серт бергенмін.
Келесі жалақыларыма керек-жарағымды түгендей бастадым. Кейін ол жұмыстан денсаулығымдағы мәселелерге байланысты шығып кеттім. Үйде бір бөлмені босатып, сонда тапсырыс алып, тіге бастадым. Отбасына да көңіл бөлім, сүйікті ісіммен айналысуға да бәріне үлгердім", - деді дизайнер-тігінші.
"Танымал адамдармен араласа бастадым"
Кейін Айжан әншілерге көйлек тігуге тапсырыс қабылдай бастаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"2010 жылы әнші Алтынай Жорабаевмен таныстырды. Сол жерде алғаш жолығып, таныстық. Алтынай өмірде өте қарапайым. Жүріс-тұрысы, киіну стилі, шашының бәрі ұқыпты, таза, жинақы ғой. Одан ана, құрбы, әйел ретінде көп нәрсе үйренуге болады. Қазір сырлас құрбы болып кеттік. Өте адал деп айтар едім. Оны мақтай берсем, сөз жетпейді.
Алтынаймен танысқаннан кейін, ол маған жасыл түсті көйлекке тапсырыс берді. Тастары көп болатын. Алғаш тігіп берген көйлегім сол еді. Оны Астанадағы концерттердің біріне киді. Кейін солай көйлектерін тігуге маған тапсырыс бере бастады. Барлық киімдерді құнын төлеп, тіктірді. Сол кездері "мен сені қолдаймын, сендей ешкім таза тікпейді, өнеріңді қолдайық, соған демеу боламын" деген кезде бас тартқанмын. Себебі ол кезде дайын емес едім. Балаларым әлі кішкентай болғандықтан солай істеуге тура келді. Әрі отбасымды бірінші орынға қойдым да, соған көңіл бөлгім келді. Бірақ, Алтынай ешқашан біреудің еңбегін жеген жан емес. Оған тіккен көйлектерім көп. "Үш жас бақытты болсын!" деген концертіндегі бүкіл образын мен тігіп бердім. Тіпті кейбіреуін өзім де ұмытып қалдым", - деді ол.
Алтынай Жорабаевмен таныстықтан соң эстарда әншілерімен біртіндеп таныса бастаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Алтынай Астанаға көшіп кеткен соң киімдерін көбіне сол жақтан тіккізеді. Кейде мен тігіп, салып жіберемін. Соңғы рет Мейрамбек Беспаевтың "Cover-Show" бағдарламасына киген көйлегін тіккенмін.
Кейін Алтынай Дана Маханбаевамен таныстырды. Оған да біраз көйлек тігіп бердім. Боксшы Қанат Исламның әйелімен, Інжу ханым, Тахмина Әшімбековамен де жұмыс істедім. Енді өзімнің жеке брендімді қолға алып, жұмыс бастауды шештім", - деді Айжан.
"Қайрат Нұртастың анасымен де жұмыс істедім"
Айжан Гүлзира Айдарбековамен де бірге жұмыс істеген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбековамен де жұмыс істеп, киім тіккенмін. Олардың үйінде қонақта болғанда өте қарапайым, қонақжай жандар екенін көріп, сүйсіндім. Сый-құрметі ерекше.
Маған үйге киім тіктіруге жиі келеді ғой. Шынымды айтсам, Гүлзира ханыммен кездесе алмай жүргендер қаншама?! Ал ол менің үйіме келеді деген ой үш ұйықтаса түсіме кірмепті. Бірақ танымал адамдармен жұмыс істегенде, танысқанда қатты бір қуана алмайды екенмін. Осылай болуы керек оқиға сияқты деп қабылдаймын. Эмоциямның бәрі ішімде, көрсете алмайтыным да бар", - деді ол.
Оның айтуынша, танымал адамдардың ортасында жүрген ұнайды.
"Өзің қандай болсаң, сондай адам тартасың. Оның ішінде алыстап кететіндері де болады. Сөйтіп, ортаң іріктеліп, қалыптасады. Жалпы шоу-бизнес өкілдерінің қуаныш-тойларына жиі барамын. Танымал адамдардың ортасында жүру маған ұнайды. Себебі сондай ортаға кірудің өзі өнер ғой. Пайдаң болса, көмектесіп, болмаса, зиянын тигізбеу керек деп ойлаймын", - деді Айжан.
"Құны 15 мыңнан басталады"
Айжанның айтуынша, кейде бұл іспен айналысуға бос уақыт болмай қалады.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
"Негізі бір-бірінен естіп, тапсырыс беретіндер көп. Бірақ кейде шынымды айтсам, уақыт болмай қалады. Ата-ене, бала-шаға, отбасыға көңіл бөлу керек. Сол үшін босамаймын. Тіпті "мен тігеді" деп айтпаңдаршы деймін. Себебі уақытым болмайды.
Жалпы киімдерімнің құны 15 мыңнан басталады. Матасына қарай қымбаттай береді. Ал шапандар 50 мыңнан басталады. Материалы қымбаттаған сайын құны да жоғарылайды. Клинеттеріме қымбат мата алып, содан тігуді ұсынамын. Себебі қымбат матадан тігілген кез келген киім басқаша болып тұрады. Ұялмай кие аласың.
Шынымды айтсам, бір айда қанша ақша табатынымды білмеймін. Себебі нақты бір жұмыс кестем жоқ әрі ақшаны орнымен жұмсап отырғандықтан, есебін табу қиын ", - деді ол.
Сондай-ақ, дизайнер-тігінші жақында цех ашатынын айтты.
"Жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Бұйырса, цехтің ашылуын жасаймыз. Онда дайын тігілген шапан, көйлектер болады. Бұдан бөлек тапсырыс та аламын әрі тігіншілерді оқытамын. Әзірге бір тігіншім бар", - деді ол.
Оның айтуынша, әр киім адамның мінезі мен болмысына сай тігіледі.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
"Киім әр адамның мінезіне байланысты тігіледі. Мысалы, әр нәрсені шұқи беретін, ыңылдап қалатын адамдар болады. Олардың тапсырысы да дұрыс тігіліп болмайды. Ал атмосферасы жеңіл адамдарға сол бойда әңгімелесіп отырып, тіге саламын", - деді дизайнер-тігінші.
"Үлкен ұлым өзіме тартқан"
Отбасында ұлы анасына тартқан, қолы шебер.
@aizhan_1982.17 #реставрация ♬ Осы музыка ұнайды - Amre
"Күйеуімнің мамандығы - агроном. Сол бойынша жұмыс істейді. Бір қыз, төрт ұлымыз бар. Қызым 20-да, гуманитарлық бағытқа бейімдеу, тілді жақсы меңгереді. Қазір SDU-да 4-курста грантта оқып жатыр. 2 жастан бастап ағылшын тілін үйренді. Қазір бес тіл біледі, әрі шетелдіктерге гид болып жұмыс істейді. Ал 19 жастағы ұлым өзім сияқты шебер, Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде 3-курста оқиды. Екеуміз ескі жиһаздарды өңдеп, жаңалаймыз. Икемі жақсы. Үйден цех ашқымыз келеді. Электрика, сантехника, бәрін жасайды. Қалған балаларым мектепте оқиды", - деді ол.
Көпбалалы ана балаларын ерте бастан жауапкершілікке тәрбиелейтінін айтты.
"Балаларымды таңертең оятпаймын. "Оқисың ба, өзің үшін тұр, мен үшін істеме" деп үйретемін. Себебі бала жауапкершілікті біліп өсуі керек. Оның өмірі өзіне керек. Қолында оятқышы бар, тұруы тиіс. Тек ояну емес, барлық істе де осылай тәрбиелеймін. Балаға бірдеңе қақсай берсең, өзің қадірсіз боласың", - деді Айжан.
"Қолжетімді бағада сатамын"
Айжан отандық дизайнерлерден ешкімді табынып, кумир тұтпайтынын айтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Негізі отандық дизайнерлерді қолдаймын. Бірақ кумир тұтып, табынып қарайтыным жоқ екен. Әркім өзінше стиль қалыптастыру керек. Менің мақсатым - қазақи нақыштағы шапандар арқылы ұлтымызды шетелге таныту, ал елімізде мұндай киімдерді күнделікті өмірде киюді енгізгім келеді. Әрі брендімдегі киімдер қарапайым халыққа қолжетімді бағада болады", - деді ол.
Оның айтуынша, клиенттердің ішінде өте арзан мата әкелетіндер көп.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
"Қазір ашық-шашық киім ешкім кимейді. Көбіне тойға киетін көйлектер мен шапандарға тапсырыс береді. Бірақ мен оюмен киім тікпеуге тырысамын. Оны өзіне бірден айтамын. Менсіз де ою жабыстырып, тігетіндер көп. Негізгі талабым - клиенттің жақсы, қымбат мата алып келуі. Ал арзан мата әкелсе, бірден бас тартамын. Себебі "арзанның құны татымайды". Сенесіз бе, тойбастардың матасын алып келетіндер бар. Бас тартатын себебім, арзан матадан тігілген киім нашар көрінеді. Ол тез тозығы шығады. Сондай кезде бәрі арзан мата алған өзін емес, тігіншіні кінәлайды. Бір жағынан, көп рет киетіндей әдемі етіп тіктіру керек. Әрі бір киімді бірнеше образбен үйлестіріп киетіндей етіп тіктірген дұрыс", - деді дизайнер-тігінші.
Еске салайық, бұған дейін аяғымен тігін тігетін әйел кәсібі туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Ата-анасының ажырасуы балаға қалай әсер етеді?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы