- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жұмыс орнында ішімдік...
Жұмыс орнында ішімдік ішкені үшін қызметінен босатылған экс-әкім сайлауда жеңіске жетті
Павлодар облысы Әлкей Марғұлан ауылының бұрынғы әкімі Бауыржан Бозтаев қайтадан сол ауылға басшы болды. Жұмыс орнында мас болғаны үшін қызметінен босатылған экс-шенеунік сайлауда жеңіске жеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қалалық сайлау комиссиясының мәліметінше, жаңа әкімді сайлау 4 маусымда өткен. Бұл лауазымға үш адам өтініш берген, оның ішінде Бозтаев өзін өзі ұсынған кандидат ретінде тіркелген.
Дауыс беруге ауылдың 177 тұрғыны қатысқан.
"Сайлау қорытындысы бойынша Әлкей Марғұлан атындағы ауылдың әкімі болып 1976 жылы туған, жеке кәсіпкер, осы ауылдың тұрғыны Бауыржан Кенжетайұлы Бозтаев сайланды", - деп хабарлады Екібастұз қалалық сайлау комиссиясы.
Ол 101 дауыс жинады.
Ауыл тұрғындары ауылдастарының жеңісіне еш күмәнданбағанын айтты.
"Жұмыстан босатылуым әділетсіз болды деп ойлаймын, қазір айтып, есіме түсіргім келмейтін көп нюанс бар. Алда көп жұмыс бар. Ал мен халықтың қолдайтынына сенімді болдым. Мен осы ауылда тудым, осында тұрамын және жұмыс істеп келемін және әрқашан тұрғындардың жағында болдым. Олар мені бала кезімнен, кейбірі жұмыс бойынша біледі, - деді Бозтаев.
Еске салайық, Бауыржан Бозтаев осы жылдың сәуір айында жұмыс орнында ішімдік ішкені үшін қызметінен босатылған еді.
Әдеп жөніндегі кеңесте Бозтаев наурыз айының ортасында жұмысшылармен бірге үйлерден суды айдаумен айналысқанын айтты. Ол күн суық болғанын және жылыну үшін кешке ішкенін айтқан.
Алайда бұл түсініктеме кеңес мүшелеріне ұнамай, оны жұмыстан шығаруды ұсынды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан