Биыл қандастар мен қоныс аударушыларға бөлінетін квота мөлшері артты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Жыл басынан 8 652 адамға квота бөлінген. Бұл былтырмен салыстырғанда 566 квотаға көп. Мемлекеттік бағдарлама бойынша оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғысы келетін адам аз емес. Алайда олар үй, жұмыс мәселесі қалай болады деп алаңдайды. Тәуекел етіп, мемлекеттік бағдарлама бойынша оңтүстіктен солтүстікке көшкендер Massaget.kz тілшісіне сұхбат берді.
Қуаныш Қадырахунов бұдан 3 жыл бұрын Талдықорғаннан Мамлют ауданы Бостандық ауылына денсаулық жағдайына байланысты көшкен. Алайда ол қайтадан бұрын мекен еткен жеріне көшу туралы ойланып жүр. Оның айтуынша, солтүстікте ауа райы тамаша, бірақ жұмыс, интернетпен қамту мәселесі ақсап тұр.
"Талдықорғанда қан ауруымен ауырып, 1 жыл ауруханада жаттым. Кейін климат ауыстырып көрейін дедік. Қазір шүкір, көшкелі бері ауруханаға жатпадым. Бірақ елге қайтсам ба деп жүрмін. Өмір сүру, тіршілік ету қиын болып кетті. Мал өсірейін десең жайылым, шабындық жер жоқ. Қазір жем-шөп қымбаттап кетті. Мұнда қыс ұзақ, 6 айға созылады. Сондықтан мәселе көп. Жеке шаруа серіктестіктері жақсы жерді алып алған, ауылдардың жабылып жатқаны сол. Оның үстіне, өзімді Ресейде жүргендей сезінемін. Біз интернеті жоқ жерде тұрамыз", - дейді ол.
Қуаныш Қадырахуновтың айтуынша, 3 жыл бұрын квота 97 мың теңге болған, қазір квота құны өскен.
"Мен квота алдым. Кейін маған үй берді. 3 жыл бұрын адам басына 97 мың алғам, қазір жан басына 241 мың теңге квота береді. Құжатты сол жақтағы жұмыспен қамту орталығына өткіздім", - дейді Қуаныш Қадырахунов.
Оңтүстіктен солтүстікке көшсеңіз, қандай көмек көрсетіледі?
Ал Гүлзада Бубаширхановна былтыр тамызда Бостандық ауылына қоныстанған, жасы 39-да. Ол мұнда география пәні мұғалімі болып істейді.
"Солтүстікке маусымда келдік. Осы жердің ауа райын бақыладық, мемлекеттен берілетін көмек туралы біліп қайттық. Негізі Покровка елді мекенінде қоныстанғымыз келді, алайда онда бос жұмыс орны болмаған соң, осы ауылға көштік", - дейді ол.
Гүлзада Бубаширхановнаның айтуынша, тұрғылықты мекенжайын ауыстыру қиын болмаған, бірақ жұмыс мәселесі қиындау.
"Көшіп келу қиындық тудырмады. Заттарымызды газельмен алдырып, балаларымызбен пойызға мініп келдік. Алғашында жұмыс табылмай, 2 апта жүріп қалдық. Орналасқан үйіміз жылы. Су, от - бәрі бар. Балалардың құжаттары мен өзіміздің жеке куәлігімізді, жұмысқа қажет құжаттарды ғана дайындадық. Бірақ жұмыс мәселесі қиындау", - дейді ол.
Қоныс аударған кейіпкер солтүстікке көшуді жоспарлап отырғандарға кеңес берді.
"Қоныс аударғандарға, ең алдымен, жоспарлап отырған жерді бастан-аяқ зерттеп алуға кеңес беремін. Негізі жұмыс тапқан соң ғана көшу керек, жұмыс болмаса жылы жерден қозғалып қажеті жоқ. Бекерге қиналып қалады", - дейді ол.
Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Первомай ауылының әкімі Нұрбол Қасымханұлы"Оңтүстіктен солтүстікке жаппай көшіру" бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірлерге барып, мекенжайын ауыстырғысы келетіндермен кездескен. Нәтижесінде 6 отбасы солтүстікке қоныс тепкен. Әкім қоныс аударушыларды өзі күтіп алып, орналастырып, құжат рәсімдеуге көмектескен.
"Көшіп келгендер үй-жаймен қамтылды. Мемлекет тарапынан берілетін квоталарын толық алып, жұмыспен қамтылды. Негізі көшіп келгеннің көбі - ұстаз. Қазір ауылда жұмыс істеп жатыр. Аса қиындыққа тап болмады. Биылғы қыс онша суық болмады ғой", - дейді ол.
Әкімнің айтуынша, мектепте бала санын арттыру мақсатында оңтүстік өңірлерге сапарды тағы жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ол ауылға қандай мамандар қажетін айтты.
"Ауылға дәнекерлеуші (токарь - еск.), механизатор, ветдәрігер, орыс тілі мұғалімі, медбике керек. Ал мектептегі басқа бос орындар оқу жылы аяқталғанда белгілі болады. Әрине, қозғалыссыз болмайды. Көшетіндер болады", - дейді ол.
Айта кетейік, қоныс аударушыларға Telegram-да арна ашылған. Онда қоныс аударуды жоспарлап жүргендер мен солтүстікке көшкендер бар.
Қоныс аударушылар назарына!
Егер қоныс аудару туралы ойланып жүрсеңіз, өз аймағыңыздағы жұмыспен қамту орталығына жүгініңіз. Егер солтүстікке көшкеніңізге кемінде 6 ай өтсе, сол аймақтағы орталыққа немесе еңбек биржасы сайтында қызметтер бөліміндегі "қоныс аудару" бөліміне онлайн өтініш жіберсеңіз болады.
Өтініш толтыру үшін:
Қандай құжаттар қажет:
Өтініш пен құжаттарды қабылдағаннан кейін ХЖҚО өкілдері құжаттарды қоныс аударушыларды қабылдау жөніндегі өңірлік комиссия қарауына жібереді. Оң шешім шығарылғаннан кейін ХЖҚО-ға көшуге және тұрғын үйді жалға алуға субсидия алуға өтініш беру қажет.
Биыл 10 қаңтарда қоныс аударушыларға квота өскені хабарланды. Үкімет қоныс аударушыларды қоныстандыру оңтайлы болу үшін квотаны өңірлерге бөлінген:
Қандастар мен қоныс аударушыларды қолдау үшін қосымша субсидия түрінде көмек:
Еске салайық, бұған дейін оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушыларға қандай көмек көрсетілетінін жазған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!