Ақмола облысында алтын иемденбек болған қара кеншілер ұсталды. Алтынның құны - 130 миллион теңге, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
21 қарашада ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті мен Ақмола облыстық полиция департаментінің қызметкерлері облыс прокуратурасының үйлестіруімен Степногорск аумағында алтын өндіруші кәсіпорын қызметкерлерінен тұратын қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті.
Қылмыстық топ құрамында сол кәсіпорынның технологиялық учаскесінің шебері басқарған дайын өнім цехының қызметкерлері болған. Арнайы іс-шаралар шеңберінде қызметтік мүмкіндіктерді пайдалана отырып, күдіктілер Ақсу кенішінен құрамында алтыны бар кенді ұрлау жүйесін көздегені анықталды.
Қылмыстық ниеттерін жүзеге асыру үшін қылмыскерлер бейнебақылау жүйесімен қамтылмаған аймақтарды пайдаланып, ұрланған затты жұмыс киімінің ішіне жасырып алып шығуға тырысқан.
Ұсталғандардан құрамында 4,5 келі таза алтыны бар 7 келі концентрат алынды. Тәркіленген заттың құны 130 миллион теңгеден асады. Қылмыстық топтың мүшелері тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстық іс аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық дерегі бойынша тергеліп жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!