Мәжіліс депутаттары қауіпсіз еңбек жағдайын жетілдіру және жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, еңбек заңнамасында жұмысшылардың құқығын толық қорғамайтын олқылық көп.
"Азаматтық-құқықтық шарттар мәселесі. Мәселе неде? Елімізде көптеген жұмыс беруші қаржысын үнемдеу және әлеуметтік кепілдіктерден жалтару үшін еңбек шартының орнына азаматтық-құқықтық шарт (ГПХ) жасауды әбден әдетке айналдырды. Жұмыскер жұмыс тәртібіне бағынады, жұмыс кестесіне сәйкес жұмыс істейді, бастығы бар, бірақ қағаз жүзінде ол "қызметкер" емес, "мердігер" болып саналады. Бұл неге қауіпті? Өйткені "ГПХ"-да отырған жұмыскер әлеуметтік кепілдіктерден айырылады. Ол еңбек демалысына шыға алмайды. Әйелдер де жүктілікке байланысты демалысқа шыға алмайды. Зейнетақы жарнасы аударылмайды, медициналық сақтандыруы болмайды. Енді бұған нақты тосқауыл қоямыз. Еңбек шартының кем дегенде бір белгісі болса, онда азаматтық-құқықтық шарт жасауға тыйым салынады", - деді ол.
Осылайша он мыңдаған адам толыққанды әлеуметтік кепілдікке ие болуы мүмкін.
Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, бір кәсіпорында, бірдей лауазымда, бірдей қызметті атқаратын қызметкерлердің жалақысында бірнеше есе айырмашылық болмауға тиіс.
"Алайда қазіргі заңнамада бұл мәселе реттелмеген. Сондықтан осындай әділетсіздік жиі кездеседі. Мысалы бірдей жұмысты атқарып, бірдей талаптарға сай келетін шетел мамандары мен жергілікті мамандар арасында жалақылары бойынша алшақтық мәселесі бар", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!