Жұмыс беруші қызметкердің жалақысынан әкімшілік айыппұл сомасын ұстап қалуға құқылы ма?

Жұмыс беруші қызметкердің жалақысынан әкімшілік айыппұл сомасын ұстап қалуға құқылы ма?
Фото: depositphotos.com

Елімізде әкімшілік жауапкершіліктің бірнеше түрі бар. Оның бірі айыппұл салу. Кейде азамат өзіне міндеттелген соманы бірден қайтара алмайды. Осындай жағдайларда борышкердің әкімшілік айыппұл сомасы оның жалақысынан алынып жатады. Бұл қаншалық заңды? Massaget.kz тілшісі түсіндіреді.

ҚР Еңбек кодексінің 115-бабына сәйкес, әкімшілік айыппұл сомасын сот шешімі бойынша ғана жалақыдан ұстап қалуға болады, сондай-ақ ҚР заңдарында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.

Бірнеше атқару парағы бойынша жалақының белгілі бір мөлшерін ұстап қалу кезінде, сондай-ақ ҚР заңдарында көзделген жағдайларда ай сайынғы ұстап қалу мөлшері қызметкерге тиесілі жалақының 50 пайызынан аспауға тиіс.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 894-бабында айыппұл салу туралы қаулыны немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы сот, уәкілетті орган (лауазымды адам) жауаптылыққа тартылған тұлғаның жалақысынан немесе өзге де кірістерінен айыппұл сомасын мәжбүрлеу тәртiбiмен ұстап қалу үшiн ол жұмыс iстейтiн не сыйақы, зейнетақы, стипендия алатын ұйымның әкiмшiлiгiне жiберетіні көрсетілген.

Айыппұлды ұстап қалу алты айдан аспайтын мерзiмде жүргізіледі. Айыппұлды өндiрiп алу кезектілігі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген тәртiппен жүргiзiледi. 

Қорытынды: жұмыс беруші уәкілетті органның қаулысы негізінде қызметкердің жалақысынан айыппұл сомасын ұстап қалуға құқылы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Б. Жұмаділлә