Қарлығаш Ещанова - Атыраудың тумасы. Бір кездері Ұлыбританияға барып, алты жыл шет елде білім жинаған қыз Атырауда біраз жыл білім беру саласында еңбек етті. Тұрмысқа шығып, отбасылы болғаннан кейін жолдасының жұмыс бабымен Катарға жол тартқан қазақ қызы шет елдегі өмірі туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Катарға жұмысқа қабылданды"
Қарлығаштың айтуынша, кезінде ол Ұлыбританияда оқуын аяқтағаннан кейін ол жақта жоғары жалақы ұсынып, жұмысқа шақырған бірнеше ұсыныстар болған.
"Бірақ, мен еліме қайтып келдім. Себебі, мен үшін ата-анамның, отбасымның жанымда болғаны маңызды болды. Елде жұмыс істеп жүріп, қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Мамандығы инженер болғандықтан, ол үшін түрлі компанияларда, соның ішінде халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтаған маңызды болды. Екеуміз отбасылы болғаннан кейін, жолдасым маған Канада немесе Катарда жұмыс істеп, өз саласында мол тәжірибе жинақтағысы келетінін айтқан еді", - дейді Қарлығаш.
Сөйтіп, 2022 жылы Катардағы мұнай компанияларының бірі әлем бойынша қызметкерлер іздестіріп жатқаны туралы хабарлама болады.
"Жолдасым сол компанияға екі досымен бірге түйіндеме тастайды. Бірақ, компания жолдасыма бірден хабарласпайды. Әрі қарай жолдасымның өзі кадр бөліміне байланысқа шығып, көп ұзамай ол Әзербайжан астанасы Бакуге әңгімелесуге шақыртылды. Ресей, Қазақстан, Түркіменстаннан келген 30-ға жуық маманның ішінен жолдасым Катар компаниясына жұмысқа қабылданды", - дейді Қарлығаш.
"Түйеден басқа жануар жоқ"
Екі сәбиі, жолдасымен бірге, әлемнің ең ыстық елі саналатын Катарда мамыр айынан бері тұрып жатқан Қарлығаш жаңа елге әлі күнге дейін бейімделіп жатқанын айтты.
"Жаңа заңдар, жаңа талаптар, жаңа климат, жаңа ережелер болған соң, әп дегеннен үйренісу қиын болды. Біздің қоныс аударуымыз ауа райы өте ыстық болып тұрған кезге сәйкес келді. Мұнда ыстық температурамен бірге, ылғалдылық бар. Аптап ыстық пен ылғалдылық қосылғанда, атмосферада қысым күшейіп, демалу қиынға соғады. Осындай ыстық ауа әлі жаңа ортаға үйрену әсіресе, балалар үшін қиын болды. "Небары екі, бес жастағы балаларыма жаңа ортаға бейімделуге қалай көмектесе аламын?" деген сұрақпен, Катарда жүрген басқа да отандастарымды іздей бастадым. Катарда тұрып жатқан қазақстандықтар маған балаларды көбірек теңіз жағалауына апарып, топырақпен ойнатуға кеңес берді", - дейді Қарлығаш.
Ауа-райымен бірге, асханадағы айырмашылық та жат жерге үйренісуге кедергі болған.
"Далада түйеден басқа жануар жоқ. Ол жақта жылқы малын соймайды. Біз қойдың, сиырдың етін сағынатын болдық. Азық-түлік негізінен шеттен әкелінетіндіктен, олардың дәміне үйрену де оңай болмады. Арасында Катардағы достарымыз арқылы қазы, ет, балық алдырып жүрдік", - дейді Қарлығаш.
"Жұмыс уақыты ерте аяқталады"
Бір қызығы, күннің ыстығына байланысты, Катарда жұмыс уақыты тым ерте басталады екен. Таңғы 5, 6-да басталатын жұмыс уақыты күндізгі 15.00-15.30 шамасында аяқталады. Мемлекеттік органдар таңғы 12-ге дейін жұмыс істейді.
"Жұма, сенбі – демалыс. Жексенбіде жұмыс аптасы басталады. Жолдасым жұмысқа таңғы 5.30-да шығып кетеді. Мен балаларымды оятып, таңғы астарын беремін. Жергілікті министрліктің бұйрығы бойынша, білім орындарында балаларды тамақтандырмайды. Сол үшін, балаларға үйден тағам боксын дайындап жібереміз. Ұлымды мектеп автобусы алып кетеді. Қызымды өзім балабақшаға апарамын. Сағат екіге дейін боспын. Осы уақытты үй шаруасына, спортпен айналысуға, кітап оқуға жұмсаймын. Екіде ұлым мектептен келеді. Үште қызымды балабақшадан алып келемін. Әрі қарай жолдасым жұмыстан келеді. Тым ерте тұратын болғандықтан, балаларды бір мезгіл ұйықтатып аламыз. Кешкі асымызды ішіп болған соң, серуенге шығамыз. Түрлі фестиваль, көрмелерге барамыз", - дейді Қарлығаш.
Жер көлемі кішкентай болғанына қарамастан, Катар табиғи ресурстарын толықтай халық игілігіне жұмсап отырған мемлекет десек те болады. Бүгінде Катар әлемдегі ең қауіпсіз, әрі бай мемлекет саналады.
"Бұл елде біреуді ұрып-соғу, тонау деген жағдайлар жоқ. Заң өте қатаң, сондықтан, заң талаптарын орындауға жергілікті азаматтар да, шетелдіктер де міндетті. Егер сіз саябақта немесе басқа жерде жүріп, өзіңіздің телефон не әмияныңызды байқамай ұмытып кетсеңіз, сол жерге 1 сағаттан кейін, тіпті, 10 күн өткен соң барсаңыз да, қалдырған затыңыз орнында тұрады", - дейді Қарлығаш.
Әлемнің ең дамыған өркениетті елдерінің бірінде өмір сүріп жатқан Қарлығаш алға қарай елге оралатындарын айтты.
"Әрине, туған елдей ел болмас" деген керемет сөз бар. Отанымызды сағынамыз. Бірақ, еліміздің әрі қарай өркендеуі үшін, кейде халықаралық деңгейдегі тәжірибені игеру де маңызды. Егер біздің еліміз әлеуметтік қорғау саласы, үйлердің сапасы, білім беру, денсаулық сақтау саласындағы озық тәжірибелерді алатын болса, Қазақстанымыз одан әрі өркендейді. Мәселен, Катарда еңбек жағдайы жоғары. Компаниялар жұмысшыларға жоғары жалақы беріп қана шектелмей, баланың оқуы, транспорт, медициналық сақтандыру жағынан да қолдап отырады. Сондықтан, адамдар өзінің жеке тұлға ретіндегі ресурстарын дамытуға, кәсіби тұрғыда көбірек жетілуге көңіл бөледі. Осындай оң тәжірибелер бізге де қажет", - деді шет елде жүрген қазақ қызы.
Баян Жанұзақова
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!