"Жұмыла көтерген жүк жеңіл". Атырау жұрты судан қорғайтын бөгет салды

"Жұмыла көтерген жүк жеңіл". Атырау жұрты судан қорғайтын бөгет салды
Фото: Massaget.kz / Rysbekov Nurzhan

Атырау қаласында қарғын суға қарсы дайындық қарқынды жүріп жатыр. Облыста төтенше жағдай жариялануы да тегін емес. Орынборда жарылған дамбының салдарынан Жайықтың суы көтерілуі мүмкін деген болжам осыдан 10 күн бұрын айтылыпты. Содан бері Жайықты жағалай жұрт қапшыққа құм толтырып, өзеннің қос қапталына қолдан бөгеттер жасап жатыр. Өңірдегі дайындықты Massaget.kz тілшісі көзбен көріп қайтты.

Көршілес Құлсары қаласындағы жағдай мұндағы жұртты зәрезап қылған. Арнасынан адасып аққан қызыл су қаланы басып қалуы мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Десек те, апаттың алдын алу үшін жергілікті жұрт жан аямай еңбек етіп жатыр. Әкімдік пен еріктілер бастап, қала тұрғындары қостап қарғын суға қарсы тұруға әзір.

Бұл Атырау шағынауданындағы қазіргі көрініс. Қалада дәл осындай 300-400 адам біріккен 120-ға жуық бригада бар. Олар 3 күннен бері өзен жағасында таңның атысы, кештің батысы мөшектерге құм қаптап, бөгет жасап жатыр.

фото: Атырау қаласы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының директоры Асхат Жақиев.


"Жергілікті әкімдік бізді осы жерге жауапты қылып тағайындады. Бұл жерде еңбек етіп жатқан еріктілер мен қала тұрғындары. Ал ауыр техникалар әкімдік тарапынан бөлінген. Бүгін үшінші күн апаттың алдын алу шараларын жасап жатырмыз. Таңғы 08:30-дан бастап түнгі 02:00-ге дейін жұмыс жасап жатырмыз. Арасында 3-4 сағат үзіліс бар. Бұл жерде мектеп оқушыларынан бастап 75 жастағы қарияларға дейін бар. Жоспар бойынша бұл шаралар 10 күнге жалғасады", - дейді Атырау қаласы Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайының директоры Асхат Жақиев.

Төгілген топырақты темір техникамен таптап, бөгет бекітіліп жатыр. Оның үстінен мөшек-мөшек құм тастайды. Қарашаның қолынан келген қорғанудың жалғыз тәсілі – осы. Ел үшін жасалған игі істің басы қасында балалар да бар.

13 жасар Нұриддин Амангелді сондай батыр балалардың бірі. Әкесінен қалыспай қапшыққа құм қаптап, балалық ойынын да бір сәтке доғарған. Жеткіншектің бойынан туған жерге деген патриоттық сезім байқалады.

фото: 13 жасар Нұриддин Амангелді.

"Әкеммен ілесіп өз елімізді судан, қауіп-қатерден қорғауға осы жерге келдім. Жетінші сынып оқысам да мен осы іске үлесімді қосқым келді. Өзіммен бірге бірнеше сыныптастарымды ерте келдім. Достарыммен қапшықтарға құм толтырып, аузын байлап жатырмыз. Шаршаған жоқпын. Бәріміз бірге өз елімізді судан қорғауымыз керек. Сондықтан тер төгіп жүрміз", - дейді батыр балақай.

Елдің ертеңі үшін жасалған қарекетке еріктілердің еткен еңбегі зор. Бір сыпырасы өзге өңірлерден қоныс аударған қарашаға көмектессе, енді бірі жағажайда жүрген жұртқа тамақ дайындайды.

"Бүкіл қала қазір осы іспен шұғылданып жатыр. Қазір Мақаттан, Құлсарыдан тұрғындар эвокуацияланып жатыр. Оларға арнайы бригада қызмет көрсетіп мектептерге, жеке мейрамханаларға орналастырылып жатыр. Одан бөлек түскі уақыта еріктілер аузы ашық адамдарға ас-ауқат әкеліп береді. Кешкісін ауызашарға әрбір ауылдың белсенді азаматтары шығып тамақ беріп азаматтарға жағдай жасалып жатыр. Жұмыла көтерген жүк жеңіл", - қала тұрғыны Болатбек Нұрлыбайұлы.

Атырау жұртшылығының атқарған жұмысына қарап қайран қалмасқа шараң жоқ. Берекелі елдің берік байламы өңірді табиғи апаттан ада қылса керек. Себебі үрей мен үміт арпалысқан халықтың жұдырықтай жүрегінде "Күшіміз бірлікте" деген ұран бар.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Зинешов