Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мемлекеттік қызметшілердің жалақысын одан әрі арттыру жоспары туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкіметте өткен брифингте журналистер қымбатшылыққа назар аударып, азаматтардың табысы бұған ілесе алмай жатқанын айтты. Министрге "мемлекет бұл мәселені қалай шешеді?" деген сұрақ қойылған.
Серік Жұманғарин халық табысының шамамен 65 пайызы жалақыдан, 24-25 пайызы әлеуметтік төлемдерден құралатынын, соның ішінде зейнетақының үлесі қомақты екенін жеткізді.
"Жалақыны көтеру - халық табысын арттырудың маңызды құралы. Бірақ бұл жерде бәрі бизнес қай салада жұмыс істейтініне байланысты", - деді ол.
Оның айтуынша, биыл көлік және қойма саласында жалақы өскені (28,8 пайызға) байқалған. Ауыл шаруашылығында жалақы 18,6 пайызға, қаржы және сақтандыру қызметінде 16,5 пайызға, құрылыста 14,4 пайызға, өнеркәсіпте 11,4 пайызға өскен. Білім беру, өнер, ақпарат және байланыс салаларында, сондай-ақ, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте жалақы өсімі әлдеқайда төмен, шамамен 3-5 пайыз көлемінде болған.
Серік Жұманғарин мемлекеттік қызметшілердің жалақысына бөлек тоқталды.
"2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақы төлеудің жаңа әдістемесі бойынша орташа жалақыны 1,9 есеге, ал төмен жалақы алатын мемлекеттік қызметшілер санатына жалақыны 2,2 есе көтердік. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап аз жалақы алатындардың еңбекақысын тағы 16 пайызға арттырдық", - деді ол.
Шенеунік келесі өсім қашан болуы мүмкін екенін де айтты.
"Белгілі бір әдістеме, мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы бар. Жалақының келесі өсімін шамамен үш жылда бір рет жоспарлап отырмыз, яғни 2028-2029 жылдары", - деді ол.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2026 жылғы бірінші тоқсанда Қазақстандағы орташа айлық номиналды жалақы 461 486 теңге болған. Бір жыл ішінде ол 9,1 пайызға өскен, бірақ инфляцияны есепке алғанда 2,3 пайызға төмендеген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!