“Жұмаққа кірмейсің“: Қызылордада ер адам әйеліне діни уәжбен қысым көрсеткен

“Жұмаққа кірмейсің“: Қызылордада ер адам әйеліне діни уәжбен қысым көрсеткен
Фото: Қызылорда ПД

Қызылордада әйеліне діни уәжбен қысым көрсеткен ер адам анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полиция бұл әрекетті психологиялық зорлық-зомбылық ретінде тіркеп, жұмыс жүргізіп жатыр. Қызылорда облысында 26–29 наурыз аралығында өтіп жатқан "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың кезекті дерегі тіркелді.

Осы шара барысында Қызылорда қаласында тұратын ер адам әйеліне жүйелі түрде психологиялық қысым көрсеткені белгілі болды. Ол әйеліне "намазың қабыл болмайды", "жұмаққа кірмейсің", "ерінің разылығын алмаған адамның құлшылығы қабыл болмайды" деген сөздер айтып, психикалық жағдайына кері әсер еткен.

Полиция бұл әрекетті психологиялық зорлық-зомбылық ретінде тіркеді. Қазір тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бөлімінің қызметкерлері тараптармен жеке жұмыс жүргізіп, құқықтық түсіндіру мен психологиялық көмек көрсетіп жатыр.

Құқық қорғау органдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарды 102 немесе 111 сенім телефондарына жүгінуге шақырды. Сонымен қатар, дағдарыс орталықтарының көмегіне жүгіну мүмкіндігі бар екені ескертілді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget