Отандық танымал жұлдызды жұп Әділ мен Дана су жаңа зәулім үйіне қанша қаражат кеткенін айтты. Бұл туралы өнер иелері "Жұлдызды шаңырақ" бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әншілердің сөзінше, үйдің құрылысына бес ай уақыт кеткен.
"Қызыл кірпішпен тұрғызылған осы үйді 2022 жылы шілдеде сатып алдық. Үй 12 де12 еді, бізге кішірек көрінген соң үйді ұзартып, бірінші және екінші қабатқа тағы да 2 бөлмеден қостық. Сонымен тамыздың 3-і басталған құрылыс жұмыстары қаңтардың 15-і, яғни бес айда толық аяқталды", - дейді Әділ Сламхан.
Ал Дананың айтуынша, үйдің дизайнын өздері жасапты. Тіпті оюмен әрлеп, шаңырақ қойып, қазақи сәнді жеткізе білген.
"Қазақы бөлме жасадық, себебі үлкен кісілер келсе, осы жерде отырып, әңгіме дүкен құруға арналған. Шаңырақ арнайы тапсырыспен жасалды. "Шаңырағымыз биік болсын, ешқашан шайқалмасын" деген мақсатта қазақи орнамент орнаттық", - дейді Дана Маханбаева.
Жұлдызды жұп екі қабатты зәулім үйге нақты қанша ақша кеткенін айтпады. Себебі жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр екен. Дегенмен өнер иелері сахнаға киіп шығатын киімдерінің жалпы құны 10 миллион теңгеден асатынын жеткізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!