TikTok-та батыр киімін киген төрт жігіт кішкентай қызды таққа көтеріп шыққан сәттің видеосы тарады. Желі қолданушылар бұл дәстүр "Жұлдыз той" десе, ал кейбірі мұндай той туралы мүлде естімегені туралы жазған. Massaget.kz тілшісі бұл салт туралы этнограф Болат Бопайұлымен сұхбаттасты.
Желіде бұл дәстүр қызу талқыланды. Кей қолданушы қазақ қызға той жасамаған десе, енді бірі керісінше мұндай ырым той бұрыннан барын алға тартқан. Этнографтың айтуынша, бұл салт сырға салумен байланысты.
"Қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрі бойынша кішкентай қыз 3 жас, 5 жас, 7 жас, 9 жасқа келгенде, оның құлағын тесіп, алтын сырға салады. Бір ақ сары бас қой не, көк қасқа тай шалып, ағайындарын шақырып " Сырға тағу" тойын жасайды. Бұл тойды "Сырға той", "Сырға тағу тойы" деп атайды. Қазіргі "Жұлдыз той" деп аталып жүрген салт сол "Сырға тағу тойы" ғой", - дейді этнограф.
Болат Бопайұлының айтуынша, бұл ұзатылғалы жатқан қызға салынатын дәстүрден бөлек салт. Тұрмысқа шыққалы тұрған қызға "Сырға салынса", кішкентай қызға "сырға тағылады".
"Қызға құда түскенде, ұрын барғанда, келін болатын қызға арналған баскиім бергектің төбесіне үкі қадап басына кигізеді, құлағына сырға салады. Оны қазақтың құдалық жолында екі түрлі атаумен атайды. Бірі "үкі тағу тойы" десе, енді бірі "Сырға салу тойы" дейді. Ал балиғатқа толмаған немесе 9-ға толып, енді ғана балиғатқа толған бүлдіршіннің құлағын тарымен тесіп, құлағына сырға тағу "Сырға той" деп аталған. Қазақ салты бойынша қыз өмірінде екі рет сырғаға қатысты ырым той өтеді", - дейді ол.
Қазақта "сырға тойы" қандай мақсатта жасалған?
Болат Бопайұлы енді ғана балиғатқа толған қыздың құлағын тесіп сырға тағу, оған арнап "Сырға той" жасаудың мәні барын айтты.
"Қазақ қызды "қыздың жолы жіңішке", "қызды қырық үйден тию" деген әдеппен, қатаң тәртіппен өсірген. Құлағына сырға салған қыз өзінің қыз екенін, сырға салып, сәнденіп, әдеміденіп әдеп-ибамен жүру керегін сол күннен бастап сезінеді. Тіл-көз қуыршақтай қызға емес, сырғаға тисін деген оймен тұмар ретінде, одан соң көркемдік, сұлулық, әдемілік үшін тағады. Ал әкесінің "сырға тағу тойын өткізуі"- жұрт алдында қызының беделін көтеруі. Отбасында жалғыз қызы болса, онда тойды тек туыс-туғандар арасында жасаған. Себебі қызға тіл мен көз тиеді деп алаңдаған. Қазақ жалғыз қызын көзінің қарашығындай қорғаған", - дейді этнограф.
Қазіргі "Жұлдыз той" деп аталып жүрген тойдың түп-төркіні осында жатыр екен. Этнографтың айтуынша, қызға арналған сырға той жасаудың еш әбестігі жоқ. Қайта мұндай той - қыздың қоғамдағы беделін көтеріп, дәстүрлі қыз тәрбиесін үлгі мен өнегеге айналдырудың атадан қалған ақ жолы.
Еске салайық, бұған дейін қазақ қыздары мұрнына сырға таққаны туралы жазған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!