"Жұлдыз шақырып бер дейді". Той ұйымдастыру қызметі қанша тұрады?

"Жұлдыз шақырып бер дейді". Той ұйымдастыру қызметі қанша тұрады?
Фото: Tengrinews

Жаз бен күз той маусымы қызатын уақыт екені белгілі. Қазір көпшілік тойлар мен арнайы кештерді ұйымдастыруда event орталықтарға жүгініп жатады. Massaget.kz тілшісі мұндай орталықтарға жүгіну құны қанша тұратынын, халық қандай жағдайға бұл қызметті таңдайтынын анықтап көрді.

"Шаруасын бір жерден бітіріп кеткісі келетіндер жүгінеді"

Түркістан тумасы Орынбек Қасымбековтің негізгі мамандығы - журналист. Бірақ ол бірнеше жылдан бері той саласында келе жатыр.

"Негізі асабамын. Студент кезден бастап асаба болып жүрдім. 2012 жылдары бастадым. Отырыстар мен жиындарды басқарып жүрдім. Ақылы оқыған соң қосымша табыс болды. Оқуымыздың ақшасын өзіміз тауып, ата-анамызға көмек болсын деп той басқардық. Басында отырыс, кейін құдалық, қазір үлкен тойлар басқарып жүрміз. Ал той ұйымдастыру орталығын ашқаныма 2-3 жыл уақыт болды", - дейді ол.

elements.envato.com

Орынбек Қасымбеков Түркістан, Қызылорда облыстарында той ұйымдастырады. Оның сөзінше, мұндай қызметке жүгінетіндер - көбіне артық жүріс жасағысы келмейтіндер.

"Той ұйымдастыру қызметіне жүгінетіндер де бар немесе жеке-жеке шақыратындар да бар. Той ұйымдастыру қызметіне жүгінетіндер - әдетте басын ауыртқысы келмейтіндер, шаруасын бір жерден бітіріп кеткісі келетіндер. Бұл бір жағынан тиімді. Той ұйымдастыру қызметіндегілер тойда не өтімді болып жатқанын, қай әншіні, бишіні шақыру дұрыс екенін біледі", - дейді ол.

© pexels.com

"Әр тойдың өз маусымы бар"

Той ұйымдастыру қызметін ұсынатын Орынбек Қасымбеков әр қуанышты өткізуге оңтайлы уақыт бар екенін айтады.

"Тойдың өз маусымы бар. Ақпан мен наурыздан бастап жазға дейін үйлену, ұзату той болады. Күз басталса, сүндет тойдың маусымы басталады. Қазір сүндет тойдың маусымы. Аптасына 7 той болса, алтауы - сүндет той, біреуі той, кейде ұзату болып жатады", - дейді той ұйымдастыру орталығының басшысы.

pixabay

Той ұйымдастыру қызметі қанша тұрады?

Асаба әрі той ұйымдастырушы халық қуанышты күндерінде қай әншілерді жиі шақыратынын да атады.

"Тойды клиенттің қалтасына қарай ұйымдастырамыз. "Жұлдыз шақырып бер" дейді, кейбір жағдайларда тегін той ұйымдастырып та жатамыз. Концерттік шара, қайырымдылық концерттерін ұйымдастыратын кездер де болады. Ал жастардың тойы болса, Kalifarniya, Мирас Жүгінісов секілді әншілерді жақсы көреді. Сүндет той болса, "Жігіттер" тобындағы Айдарды шақырып жатады. Халық шамасына қарайды. "Музарт", "Жігіттер" тобы, Төреғали, Әбдіжаппарды да шақырады", - дейді ол.

pixabay

Той ұйымдастыру орталығының басшысы халық таңғаларлық ерсі дүниені көп сұрамайтынын, көбіне әнші-биші шақыратынын жеткізді.

"Әрбір адам тойының ерекше өткенін қалайды. Үш метрлік торт болсын, акуланың еті қойылсын деген жоқ. Әрі кеткенде әнші мен биші шақырып, кейде роликпен жүретін, сүндет тойға арналған тақтарды алдыртып жатады", - дейді Орынбек Қасымбеков.

pixabay

Сондай-ақ, ол той жақсы деңгейде ұйымдастырылуы үшін 500 000 - 1 000 000 теңге көлемінде қажет екенін айтты.

"Бұл қаржыға әнші-биші, асаба, безендіру кіреді. Ал танымал шоу-бизнес өкілдерін шақыруға бөлек төленеді", - дейді ол.

Айта кетейік, баға қалаға, адамдардың талғамы мен сұранысына қарай өзгере беретінін де ескерген жөн.

Еске салайық, бұған дейін Италиядан келген құдалар қазақтың тойына таңғалғаны туралы жазған едік.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова