Әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев көптеген шәкірт тәрбиелегенін, соның ішінде Нұрболат Абдуллинді жұмысқа орналастырғанын "Сарасөз" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, әншіні байқаудан көрген соң бірден жұмысқа шақыртқан.
"Бұлақ көрсең, көзін аш" деген сөз бар. 13 жыл бұрын Астанада Шәмші Қалдаяқовтың әндері байқауы болды. Мен ол кезде әділқазы болдым. Нұрболат Абдуллин сол байқауда суырылып шықты. Гран-Приді бердік. "Әй, бала, бері кел әңгімелесейік, қай жақтыкісің?" деп сұрадым. Ақтөбеден екенін, ауданның мәдениет сарайында әнші болып жұмыс істейтінін айтты. "Қайтіп, күн көресің?" деп едім. " 70-80 мың теңге айлығым бар, той-томалаққа барып тұрамын" деді. Бойы ұзын, дауысы керемет. "Қой, бала" деп, бір штат тауып, Қазақконцертке жұмысқа алдым. Кейін Нұрболат жұлдыз болды ғой. Жұлдыз ауруымен ауырып кете ме деп қорқамын. Арасында ұрысып та қоямын, - деді әнші.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз