Жақында алаяқтық дерегі бойынша сотқа шағым түсірген танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова алғашқы сот отырысы туралы ақпарат берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесінің айтуынша, қарсы тарап сот ісі кезінде жалған ақпарат ұсынып, процесті қиындатып отыр екен.
"Менің апелляциялық шағымым бойынша қалалық сотта алғашқы отырыс өтті. Әзірге көңілім толады немесе толмайды деп айта алмаймын. Себебі ұсынылған дәлелдер толық қаралып біткен жоқ. Алайда қарсы тараптың еш дәлелсіз сотқа жалған ақпарат ұсынып, шатастырмақ болған сәттері бар. Қалай болғанда да сот екі тараптың дәлелдерін тексеретініне сенемін", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жұлдыз Әбдікәрімованың айтуынша, сот екі жаққа өзара келісімге келуді ұсыныпты. Алайда екі жақ та өз айтқанынан қайтпай, соттасуға шешім қабылдапты.
"Үйге толық төлем жасалмады" деп айды аспаннан шығарды. Өздеріңізге мәлім, мен бұл құрылыс компаниясын екі жыл жарнамаладым. Келісімшарт бойынша барлық сома өтелді. Жарнамалық келісімшартты іске дәлел ретінде тіккенімді сот назарына тағы бір ескертемін. Үйге толық төлем жасалғаны, үйіме қосы паркингті сатып алып, ақшасын әлі күнге бермегендігі жайында келісімшарттар мен түбіртектер бар", – деп отыр өнер иесі.
Айта кетейік, Жұлдыз Әбдікәрімова бұған дейін алаяқтарға алданып қалғанын айтып, заңгерлерден көмек сұраған еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!