- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жұлдыз Әбдікәрімова
Жұлдыз Әбдікәрімова БАҚ өкілдерімен кездесу өткізетінін хабарлады
Жұлдыз Әбдікәрімоваға "Парламенттен" алаяқтар хабарласқан. Актриса осыған байланысты баспасөз жиынын өткізетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Сенбі, жексенбі маған "парламенттен" деп біреу хабарласты. Әрине, алаяқ екенін бірден түсіндім. Оның айуынша, сот мәселесі бойынша ісімді шешіп бере қалмақшы. Алаяқ болғанда да су жұқпас, әккі екен. Лауазымды адамның атын жамылып, қорықпай банк шотын беріп, дәл қазір қомақты соманы аудара қалыңыз. "Шеф" өзі айналысып жатыр деді", - деп жазды актриса.
Оның сөзінше, хабарласқан адам мемлекеттік қызметтегі лауазымды кісінің атын айтқан. Жұлдыз Әбдікәрімова мәселенің ақ-қарасын көрсетіп беру үшін, журналистерді жинап, баспасөз-конференциясын өткізетінін айтты.
"Оның командасы менімен кездеспей, мәселені біліспей, қалай қорықпайды деген сұрақ болды. Ақпарат іздей бастадым. Түйсік алдамады, әрине, алаяқ болып шықты. Осындай қоңыраулардың көбеюіне байланысты мынадай шешім қабылдадым. Алдағы уақытта БАҚ өкілдерін жинап, баспасөз-конференциясын өткіземін. Сот барысы бойынша барлық ақпаратты бөлісіп, осы алаяқтық туралы айтамын. Лауазымды адамның атын жамылып, маған хабарласқан адамның аты-жөні, нөмірі және кімнің атына кір келтіріп жүргені туралы да ашық айтамын", - деп жазды ол.
Әлгі адам актрисаға "... егер қазір жібермесеңіз, жағдайыңыз қиындайды, үйсіз қаласыз" деп қорқытқан. Қозғалған іске қатысы бар адамдардың есімін желіге шығармауын талап еткен.
"Себебі ол топта мемлекеттік қызметкер бар. Сондықтан жазуға болмайды дейді. Мен бұл істі жай қалдырмаймын. Барлық жазбаны дәлел ретінде сақтап қойдым. Анықтаймын", - деп жазды Әбдікәрімова жеке парақшасында.
Еске салайық, актриса бұған дейін де алаяқтармен соттасып, жеңіліп қалған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева