"Жұлдыз FM" 9 жаста

Қазақстандағы үздік радио Жұлдыз ФМ 9 жаста. Қазақ тілінде хабар тарататын алғашқы радио ұжымымен Massaget.kz тілшісі арнайы сұхбаттасып, жұмыстың қызығы мен шыжығын біліп қайтты.

"Жұлдыз FM" радиосы 2014 жылдың қараша айынан хабар тарата бастады. Аз ғана уақыт ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен тыңдармандарын тауып, талғамынан шыға білді. Жұлдыз FM - Қазақстандағы тек қана ана тілімізде хабар тарататын және бағдарламалары телеарнадан қатар көрсетілетін жалғыз радиостанция. 

"Радио 2014 жылы құрылды. Ол кезде жастарға арналған, 100 пайыз қазақ тілінде хабар тарататын алғашқы радиостанция болды."Жұлдыз ФМ" радиосы телеарналарда да тікелей эфирде көрсетіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде тікелей эфирде белсенді қызмет етеміз, - дейді бас редактор Анар Мыңбаева.

 "Мен алғаш Tengri FM-де жаңалық тарататынмын. Сол жаңалықты біз "Жұлдыз ФМ" радиосында да оқып жүрдік. Сол жылдары маған "Таңғы шоу" бағдарламасын жүргізуге уақытша ұсыныс түсті. Содан аяқ-асты жаңалықтан, шоуға топ ете қалдық", - дейді ол. 

 

 "Осы кезге дейін 9 жыл бойы туған күнімізді үздіксіз тойлап келеміз. Бұған дейінгі туған күндерде таңғы сағат 8-ден бастап, түнгі 12-ге дейін әуе толқынында болдық. Әр сағатта бізге төрт актер немесе әнші арнайы қонаққа келіп, сырлы сұхбат жүргізіп, тыңдармандарымызға түрлі мерекелік іс-шараларға билеттер, ойындар ойнаттық. Алдағы он жылдығымызды ауқымды түрде, үлкен алаңда мерекелік кеш секілді өткізуді жоспарлап отырмыз, - дейді Анар Мыңбаева.

Бұл ұжымға алты жыл бұрын жұмысқа орналасқан, журналист Наргиз Ибрагим бүгінде Жұлдыз ФМ-нің білікті майталманы. 

 "Мен бұл ұжымға қосылғаныма алты жылдай болып қалды. Алғаш келгенде тәжірибелік сынақтан өттім. Алғашқы эфирлерде әрине, қобалжу болды. Мен өзім ел алдында сөйлеуге ұялатынмын. Кейіннен ашылдық, Жұлдыз ФМ радиосы маған өте көп нәрсені үйретті", - дейді Наргиз Ибрагим.

"Біз өз тыңдармандарымызды қатты жақсы көреміз. Адал да тұрақты тыңдармандарымыз барда, бұл ұжым ары қарай жасай береді. Сіздер бар болсаңыздар, біз бармыз. "Жұлдыз ФМ" радиосының осындай дәрежеге жеткені біздің тұрақты тыңдармандарымыздың қолдауы, - дейді радиожүргізуші.

Қазір бұл ұжымда жалпы саны 18 қызметкер жұмыс істейді. Әуе толқынында бүгін өзінің сүйікті тыңдармандарымен 12 сағат эфирде қызмет етеді. Дәл бүгін туған күнін тойлап отырған радио ұжымы, өздерінің көрермендерін түрлі бағалы сыйлықтармен қуантып жатыр. Сіздің де ұтыскер атануыңыз бек мүмкін. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз