Танымал коуч әрі блогер Роза Әшірбаева "Мамский әңгімеге" берген сұхбатында 2011 жылы туған інісі қайтыс болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Блогердің айтуынша, інісі 2 жас кезінде дәрігерлер медициналық қателік жіберіп, салдарынан ол ауыр дертке шалдыққан.
"Мен үйдің үлкенімін, 1986 жылы інім дүниеге келген, ол 2011 жылы дүниеден қайтты. Ол туған кезде медициналық қате жіберіліп, қатты ауырған кезінде оған менингит диагнозы қойылған. Менингит кезінде жұлыннан сарысу алады ғой, соны алған кезде зақым келтірілген. Бұл ол 3 жасқа толған кезінде ғана байқалады, өйткені бала дұрыс отыра, жүре алмайды. Ол уақытта ата-анам жас, 21-22 жастарында үйленген. Бұл жаңалық олар үшін өте ауыр стресс болды. Олар жұмыс істейді, тапқан табысының бәрін баланың еміне жұмсайтын. Мен үйде боламын, кейде анамның сіңлілерінің үйінде қаламын, кейде нағашыларымның немесе әкемнің туыстарының үйінде боламын, мен өз-өзіммен қалуымның да бір себебі осында. Баланың емімен олар ұзақ уақыт жүрді. Сондықтан мен жалғыз жүруге үйреніп қалған адаммын. Уақыт өткеннен кейін ата-анам оның диагнозын түсінді, оған балалар милық салдануы (ДЦП) диагнозы қойылды. Бірақ інімде жеңіл түрі болды, өзі жүретін, оқитын. Негізі ата-анам інімді толық оқытты, орта білімі бар, колледж оқыды. Сол кездің өзінде ол ақпараттық технологияға қызықты. Сөйтіп інім 2011 жылы 25 жасында мен екінші сәбиіме аяғым ауыр кезінде қайтыс болды", - деді ол.
Блогер сонымен қатар кейінгі іні-сіңлілері туралы айтып берді.
Одан кейін 1991 және 1995 жылғы сіңлілерім бар. Бірінші сіңлім тұрмыста, екі ұлы бар, Шымкентте тұралы, екінші сіңлім ақпараттық технологиялар саласында UX/UI дизайнер. Қазақстандағы ең мықты мамандардың бірі деп үнемі мақтанып айтамын, қазір Еуропада жұмыс істейді, ол да тұрмыста. 2001 жылы туған інім бар, ол да ақпараттық технологиялар саласында. Барлығы - төрт ағайындымыз", - деді коуч.
Еске салайық, бұған дейін коуч, кәсіпкер, инвестор Роза Әшірбаева күйеуімен және әкесімен қарым-қатынас, отбасындағы негізгі ережелер мен үйлену алдындағы шарт туралы Massaget.kz тілшісіне эксклюзив сұхбат берген еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!