Танымал актриса, әзілкеш Қарлығаш Тұрсынбекова "Менің өмірім" бағдарламасына берген сұхбатында жас кезінде күйеуі Берік Тұрсынбеков екеуінің басынан қиын кезеңдер өткенін жасырмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесінің айтуынша, кейде тіпті жеуге ас таппай қалатын кездері де болған.
"Біз қиын кезеңдерді бастан өткіздік. Қазіргі дүниеміздің кішкентай қасығына дейін адал еңбекпен таптық. Ол кезде бізде тіпті дастархан да болмады, аптасына алатын газеттің бір парақшасын үстелдің үстіне төсеп, дастархан орнына пайдаланатын едік. Жеуге ас болмай, аш жүрген кезіміз де болды. Тіпті тұңғышыма жүкті кезімде 3 күн бойы аш жүргенім есімде. Енді ол уақытта бізді ешкім танымайды ғой, "Шымкент шоу" деген әзіл-ысқақ театрының барын білмейді, енді ашылып жатыр едік. Ауылдарға барып концерт қойғанда апалардың айран, нан, майын тойып жеп алатынбыз, концерттен кейін бір үй шай береді. Соған мәз болып, тоқ жүретінбіз. Концерттен түскен 5-10 теңгеге картоп, пияз аламыз, ол біздің бір күндік тамағымыз болды. Сөйтіп жүкті кезімде 3 күн бойы аш жүріп, әлсізденіп қалғаным бар. Берік үйге келгенде "қарным аш" деп жылағанмын, Берік менің күйімді көрді де, "қазір келемін" деп кетіп қалды. Жеуге ас алып келетін шығар деп ойлап, күтіп жаттым. Бірақ Берік тек екі күннен кейін келді, әрине құр қол келмеді, жейтін заттар алып келген. Ақша табу үшін тойға шығып келген көрінеді", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!