- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жүкті әйелім көлік...
"Жүкті әйелім көлік ішінен терезені ұрып жатты" - отбасын ажалдан құтқарған жігіттің оқиғасы
28 қарашада Қарағанды облысындағы Ғабиден Мұстафин ауылында 5 жолаушымен кетіп бара жатқан такси көлігі мұз ойылып суға кеткен. Машинаның алдыңғы орындығында отырған Оразалы Асылханов көліктен алдымен шығып, 4 адамды ажалдан арашалап қалған болатын.
Оразалы Асылханов үйдің тұңғышы, жасы 22-де. 2021 жылы Зайсанда әскери борышын өтеп келген.
Көлік суға батқан кезде ол бірден адамдарды құтқаруды ойлаған.
"Бәрі де аяқ астынан болды. Көлік жүргізушісінен "мұздан өте аламыз ба?" деп сұрағанымда ол күнде өтіп жүргенін айтып сендірді. Біздің алдымызда бір "Газель" жүк көлігі суға кеткен екен. Мұз бірден ойылып, көлік суға бата бастаған кезде алдымен мен шықтым. Әп-сәтте көліктің алды суға батып кетті. Ішіндігелерге көмек қажет екенін түсіндім. Артқы терезесін ұрып жатқан жұбайымды көрдім. Ол екіқабат болатын. Артқы шыныны жұлып алып, әйелімді құтқардым", - дейді ол.
Бұл оқиға түнде болған. Ештеңе көрінбейтін болғасын, жылдам әрекет ету маңызды еді.
"Сосын артқы орындықта отырған әжей мен немересін судан алып шықтым. Кейін қызымды судан құтқардым", - дейді Оразалы.
Дәл осы сәтте Думан Кәкенов дейтін жолаушы да көмекке келіп, судағы Оразалыны артынан ұстап көмектескен. Себебі, судың ағысы қатты болған. Олар адамдарды мұздан жағалауға апарған.
"Түнде ештеңе көрінбейді. Әйелім, әжей мен немерісін құтқарғасын қызымды судан шығаруға кірістім. Қызымның аяғы орындыққа қысылып қалыпты. Оны аламын деп жүргенде 1 минуттай уақыт өтті. 5 жасар қызым сол арада есінен танып қалды. Оған алғашқы көмекті өзім көрсеттім", - дейді ол.
© Думан Кәкенов
Оразалы мен Думан адамдарды суған шығарып жатқанда тағы бір көлік келіп, барлығын емхана алып кеткен.
Қазір Оразалы да, әйелі мен қызы да емханадан шыққан. Оразалының анасы олардың жағдай жақсы екенін, бірақ емделіп жатқанын айтады.
"Немеремнің аяғы орындықта қысылып қалғаннан кейін ұлым екеуі суда ұзақ қалып қойған. Соның салдарынан немереме өкпенің екі жақты қабынуы, ұлыма бронхит диагнозы қойылды. Бәрі аман-сау. Бірақ ұзақ емделеді ғой", - дейді Оразалының анасы.
Осы оқиғадан соң Оразалыны Бұқар жырау ауданының әкімі Нұркен Сайфиддинұлы әкімдікке шақырып, ерлігі үшін 5 миллион теңгемен марапаттаған. Оразалымен бірге Думан Кәкеновқа да адамдарды судан шығаруға көмектескені үшін 5 миллион теңге берілген.
Оразалы мектептен соң жиһаз жасау мамандығында оқыған. Одан кейін 2020 жылы Зайсанда әскери борышын өтеген. Әскерден келгесін жиһазда, автобазада жұмыс істеген. Жергілікті өрт сөндіру қызметіне орынның жоқтығына байланысты жұмысқа тұра алмаған. Қазір жұмыссыз отыр.
"Өзім құтқару қызметінде жұмыс істегім келеді. Өрт сөндіру қызметіне жұмысқа орналаса алмадым. Мына оқиғадан соң да ешкім хабарласпады", - дейді ол.
Оразалы жұбайымен бірге
Оразалы былтыр да суға батып бара жатқан екі қызды құтқарып қалған. Бірақ бұл ерлігі еш жерде насихатталмаған.
"Бұл жағдай жазда болған еді. Анасы екі қызымен шомылып жүрген кезде суға кеткен. Дәл сол жерде ұлым да достарымен суда болған. Бірақ оны ешкім елеп, айтқан да жоқ. Ұлым бала кезінен адамдарға көмектесіп жүруге ұмтылатын. Жануарларға да әртүрлі жағдайларда көмектесетін еді", - дейді Оразалының анасы.
Айта кетейік, 29 қарашада Қарағанды облысындағы Ғабиден Мұстафин ауылындағы Нұра өзенінің үстімен өтпек болған машина суға кеткен. Көліктің алдында отырған жолаушы Оразалы Асылханов пен Думан Кәкенов ерлік жасап, 4 адамды құтқарып қалған болатын.
Т. Раушанұлы@massaget.kz #оразалы#асылханов#жігіт#қарағанды#облысы#көлік#апат#мұз#Нұра#караганда#казахстан#қазақстан#рек#хочуврек ♬ оригинальный звук - Massaget.kz