“Жүкті әйелді қатыгездікпен өлтірген“. NCOC қызметкерінің өліміне байланысты сотталушы үкімге шағымданды

Атырауда NCOC қызметкері Бибігүл Шпанованың өліміне қатысты іс бойынша апелляция шешімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

2025 жылы 29 сәуірде Атырауда өз үйінен 45 жастағы Бибігүл Шпанова өлі табылды. Оның мұнай-газ саласында 20 жылдан аса тәжірибесі бар, NCOC компаниясының бөлім басшысы да болған. Полиция мәліметі бойынша әйелдің денесінде пышақ жарақаттары анықталған, ал пәтеріндегі сейф ашылған.

Сот үкімі

2025 жылы қыркүйекте Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында күдіктіге қатысты алаяқтық, зорлау және жүкті әйелді басқа қылмыстарды жасыру мақсатында асқан қатыгездікпен өлтіру, сондай-ақ, ұрлық жасау және көлікті заңсыз иемдену бойынша қылмыстық іс қаралды.

Осылайша күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Жәбірленушінің пайдасына материалдық және моральдық залал өндірілді.

Апелляция шешімі

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталушы Д. мен оның адвокатының апелляциялық шағымы бойынша қылмыстық істі қайта қарады.

"Сот алқасы сот үкімін өзгертуге немесе оның күшін жоюға себеп анықтамады. Сондықтан бірінші сатыдағы сот үкімі өзгеріссіз қалды", - деп жазылған хабарламада.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!