Шымкентте жантүршігерлік жол апатынан кейін жансақтау бөліміне түскен ер адам қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
27 жастағы тұрғын 6 күн бойы комада жатқан. Науқас есін жимастан көз жұмды.
"Хирургтар ішек лапаротомиясын жасады, травматологтар жамбас пен аяқ сүйектерін қалпына келтірді. Науқастың жағдайы өте ауыр деп бағаланды. Терапия барысында науқастың жағдайы ауыр болып, қайтыс болды", - дейді қалалық клиникалық аурухананың политравма бөлімінің меңгерушісі Елдар Смағұлов.
Бұл оқиға Тәуке хан даңғылы мен Аймауытов көшесінің қиылысында болған еді. Қатты соққыдан ВАЗ көлігінің түгі қалмады, ал Toyota көлігі бірден жанып кетті. Оқиғадан кейін ер адам мен оның жүкті әйелі өте ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. Қазір әйелдің өмірі мен сәбидің денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, жәбірленушілер палатаға ауыстырылды. Алайда әйел жұбайынан айырылып отыр.
Toyota жүргізушісі мас болған.
"Медициналық куәландыру нәтижелерін алғаннан кейін Toyota Camry жүргізушісі мас екені анықталды", - деді Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!