- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жүксалғышта зорландым". Алматы...
"Жүксалғышта зорландым". Алматы облысында 15 жастағы қыз жағаұстатар жайтты айтты
Алматы облысы Междуреченск ауылында жағаұстатарлық жағдай болды. 9-сынып оқушысы 15 жасында жүкті болып, бала дүниеге әкелген. Қыздың өзі мен ата-анасы бұл жайтқа көршісін кінәлап отыр. Бұл туралы "Көреміз" бағдарламасында айтылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
9-сынып оқушысы Динараның анасы Меруерт Шеңгелбаеваның айтуынша, қазанда қызы ауыра бастаған. Алғашында тұмау болған. Кейін анасы қызы ауыра берген соң секемденіп, жүктілікті анықтайтын тест салып көрген. Екі рет байқап көргенде де нәтижесі оң шыққан.
Динара 2007 жылы дүниеге келген. Ол - отбасындағы үшінші бала. Бұл үйдегі алғашқы қыз бен ер бала әйелдің бірінші некесінен, ал Динара мен оның сіңлісі екінші некеден туған. Меруерт Шеңгелбаеваның сөзінше, көршілері Динара атты қызын кейде көмекке, кейде қонаққа кеткенде қызының жанына отыруға шақыратын болған. Ал бұл іске қатысы бар деп күдіктеніп отырған көршісі Адалдың 4 баласы бар, 53 жаста.
"Қыркүйектен бері 3 рет барды (көршісінің үйіне - еск.). 1 шақырым жерде тұрады. Кейінгі кезде қызым барғысы келмеді. Жібермей қойдық. "Үйіне барсаң, ыдыс жуғызып қояды. Төсек жинатып қояды" деді", - деп түсіндірді қыздың анасы жағдайды.
Қыздың анасы көршісімен 3 жарым жылдан бері араласқандарын жеткізді. Ал бұл жағаұстатарлық жағдай мамырдың аяғында басталған. Қыркүйектен кейін қыздың өзі де көршісінің үйіне барудан бас тартыпты.
"Біріншісінде үйін жинауға көмектессін" деп шақырған. Көлігіне отырып бардым. Бара жатқан жолда басқа жолға бұрылып кетті. "Жолда полиция қызметкерлері бар. Көлігімнің бір жері дұрыс емес. Сондықтан басқа жолмен барамыз" деді. Ешкім жүрмейтін жолмен барды. Бара жатқан жолда тоқтады. "Көліктен түсе тұршы" деді. Мен "түспеймін, жеткен жоқпыз ғой" дедім. Өзі шықты да есігін ашып, мені шығарып, жүксалғышқа апарды. Болды. Біткен соң біреуге айтсаң, сіңліңе тиісемін деді. Үйге қайтып бара жатқан жолда "әкең мен шешең "неге ерте келдіңдер?" десе, "пәтер жалдаушылары келіп қалды, жинай алмай қайтып кеттік" деп айт деді", - дейді қыздың өзі бұл жағдай туралы.
Динараның ата-анасы күдіктінің атына арыз жазған. Алайда ол 10 күн өткен соң босап шыққан. Сондай-ақ, қыздың сөзінше, оқиға алғаш рет көлікте болған. Ал полиция көлікті сынамаға жіберетіндерін айтқан. Бұл жағдайдан қыздың әкесі де хабардар екен.
"Қолына пышақ алып кетті (қыздың әкесі - еск.). Жұлып алдым. Көлігімен біздің үйдің маңынан келе жатыр екен (көршісі - еск.). "Не істедің қызыма?" деген, "дәлелде, дәлелдей алсаң" деген", - деді қыздың анасы.
Динараның жүкті екенін 18 қарашада әйелінен білген Оңдасын Мыңбаев бірнеше рет қызынан оқиғаның рас-өтірігін сұрапты.
"Әкесі сұрамайды ондайды, ұят болса да қызымнан сұрадым. "Біреуге жала жаппайық" дедім. "Сол, әке" деді. Бәрін анықтап айтып берді. Менің аумағыма мал жаятын. Балалар тең болды. Өзім жақтырмайтын едім. Әйелдер жөнінде айтатын. Көрінгенге қызығатын, әйелқұмар еді", - дейді қыздың әкесі.
Ал Адал есімді көршісі бұл жағдайға кінәлі қыздың 19 жастағы өгей ағасы екенін жеткізген. Өйткені ол мамырда асығыс әскерге аттаныпты. Бірақ қыздың ата-анасы ағасының қарындасына бұлай істеуі мүмкін емес екенін айтқан. Сондай-ақ, Динара да көршісі екінші рет үйінде (көршісінің - еск.) тиіскенін мәлімдеген.
"Бөлмені жинастырып жіберші" деді. "Жарайды" деп бардым. Бөлмеге кірдім, ол да артымнан кірді. Есікті жапты, есік жабылмады, орындықпен тіреп қойды. Маған қайта-қайта тиісе бастады. "Қойыңыз" дедім. Қойған жоқ. Төсекке жатқызып шешіндіріп, істеді де маған "сіңліңе осы жағдай болғанын қаламасаң, ешкімге айтпа" деді. Қорыққанымнан ешкімге айтқан жоқпын", - деді Динара.
Шілденің басында жүктіліктің алғашқы белгілері пайда болған. Ал қыз бұл кезде Ақтөбеде туыстарының үйінде болған.
"Ақтөбеде жүргенде құсқым келді. Судың дәмі біртүрлі болды. Жақпай қалған болар деп анама айттым", - дейді 9-сынып оқушысы.
Мектеп әкімшілігі де арыз жазылған күннен бері бұл жайтты білген.
"Динара салмақты, тұйық мінезді. Сабағын жақсы оқиды. Отырыстар мен би кештеріне қатыспайтын. Ешқандай өзгеріс байқамадық. Бәріміз, пән мұғалімдері қатты таңғалдық. Басқа, басқа, ол қыздан ондай нәрсе күткен жоқпыз. Тыныш жүретін қыз еді. Қиналып жүргенін де байқап жүрген жоқпыз", - дейді оның сынып жетекшісі Жанар Жакеева.
Алматы облыстық Полиция департаменті мәліметінше, бұл іс Іле аудандық Полиция басқармасында тіркелген. Сот сараптамалары дайындалған. Алайда көліктен ешқандай биоматериал табылмаған.
Динара аман-есен босанып, қыз туған. Оған Ботагөз деген есім таңдалған. Ал жәбірленуші қыз бағдарлама барысында нәрестені туыстары асырап алатынын айтқан.
Сондай-ақ, ДНҚ сынамасы да алынған. Алайда оның қорытындысы 1 айдан кейін дайын болады. Ал бұл жағдайға көршісі кінәлі екені дәлелденсе, кәмелетке толмаған қызға зорлық көрсеткені үшін ол 17 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова