"Жұқпалы аурулар тарауы мүмкін": Қарағандыда кәріз суы өзенге ағып жатыр

"Жұқпалы аурулар тарауы мүмкін": Қарағандыда кәріз суы өзенге ағып жатыр

Қарағандыда кәріз қалдығының 70 пайызы аэрация станциясы орнына өзен арнасына ағып жатыр. Екі апта бойы Қарағанды су бригадалары бір жарым метр құбырдың қай жерінен ақау шыққанын таба алмай жатыр. Лас су Федоров су қоймасына да кетуі мүмкін. Бұл қарағандылықтардың жалғыз демалыс орнына да кері әсер етуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

5 ақпанда бағбандар Бұқпа өзені арнасында лас су деңгейі көтерілгенін бірінші болып байқаған. Қыста олар өз учаскелеріне сирек баратындықтан, бұл мәселе қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Эко-белсенді Жұмабай Ысқақов табиғатқа орны толмас зиян келгенін айтып, шағымданып отыр.

"Қазір кәріз суын канал арқылы жіберіп жатыр. Ол канал бірден Бұқпаға барып құяды. Бұқпаға түскен кәріз суы Федоров су қоймасына түседі. Өздеріңіз елестетіп көріңіздер. Қаламыздағы адамдар демалатын жалғыз жағажайда осындай нәрсе болғалы жатыр", - деді эко-белсенді Жұмабай Ысқақов.

Федоров су қоймасы - Қарағандыда суға түсуге рұқсат етілген жалғыз орын. Оның өзі ластанудың аз-ақ алдында. Одан бөлек те қауіп жетерлік.

"Бұл - нитриттер, нитраттар және синтетикалық белсенді заттар немесе қарапайым тілмен айтқанда, халық қолданатын жуғыш химиялық заттар.  Менің ойымша, бұл - төтенше жағдай. Жағдай бақылауға алынбаса және қалпына келтіру, тазарту толық жүргізілмесе, болашақта су тасқыны кезінде де, жазда да әсер етеді. Жұқпалы аурулар өршуіне себеп болуы әбден мүмкін", - дейді "Қарағанды Экомузейі" ҚБ директоры Айгүл Мәлікова.

Кәріз коллекторының ұзындығы - 16 шақырым. Қазір "Қарағанды су" компаниясы құбырды ағызу үшін айналма арна салып амалдап отыр. Бірақ айналма құбыр мәселені шеше алмайды. Қарағандыда кәріз желілерінің тозығы жеткен, ал құрылысқа байланысты оларға жүктеме жылдан жылға артып келеді. Экология департаменті талдау үшін су сынамаларын алып, тексеруді бастады, санэпидемиологтар да іске көшкен. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz