Алматыдағы балалар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында көз жұмған бүлдіршіннің анасы қайғылы жағдайға дәрігерлерді кінәләп отыр. Ақ халаттылар іші ауырып түскен балаға дер кезінде көмек көрсетпеді дейді қара жамылғандар. Қазір олар құзырлы орындарға шағым түсірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" арнасына сілтеме жасап.
"Өкінішке қарай, тиісті медициналық көмек болмады. Ақыры бала қайтыс болды. Дер кезінде нақты диагноз анықталғанда, дәрігерлер жедел медициналық көмек көрсеткенде, баланы аман алып қалуға болар еді. Ота жасалғанда, баланы аман алып қалуға болар еді. Бес күн төсек тартып жатты. Тексеру жан-жақты жүргізілсе дейміз", - деді заңгер Аида Қуандықова.
Анасының айтуынша, бірінші және бесінші қазан аралығында баланың іші ауырып тоқтаусыз жылай берген. Әрі бір жарым жастағы бүлдіршіннен зәр шықпай қалады. Уақыт өте келе әбден әлсіреп, тамақ ішуден де қалыпты. Алтыншы қазанда баланың жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне ауыстырылған. Көп ұзамай көз жұмыпты.
Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасадық деп отыр. Сараптама қорытындысы бойынша науқастың өліміне ішек ісігі себеп болған. Ал "дер кезінде көмек көрсетпеді" деп, ақ халаттыларды айыптаған жақындары кінәлілер жауаптан жалтарып кетпесе дейді. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек