Жүк пойызы төрт адамды басып кеткен оқиғаға қатысты теміржолдың үш қызметкері сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы
Шу аудандық соты теміржолда төрт қызметкер қаза тапқан оқиға бойынша үкім шығарды. Қайғылы оқиға 2025 жылғы 10 желтоқсанда Шешенқара - Қаражыңғыл аралығында болды. Жүк пойызы теміржол сүйемелін жөндеумен айналысып жатқан бригаданы басып кеткен.
Жұмыстар аралықты жаппай және қауіпсіздік шараларын сақтамай жүргізілген.
Пойыз машинисіне жолда адамдар жүргені туралы уақтылы ескертілмеген. Салдарынан төрт қызметкер қаза тауып, тағы екі адам жарақат алған.
Сот үкімі
Сот үкімімен пойыз диспетчері 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сарышаған жол дистанциясының екі қызметкері 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Бұдан бөлек, үшеуіне де теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова