Адам өлтіргені үшін күдікке ілінген Қазақстан азаматы Түркиядан экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен тонау, кісі өлтіру және ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматын Түркиядан экстрадициялады.
2022 жылы наурызда Алматы облысында күдікті өзінің ағасымен бірлесіп, құны 300 миллион теңгеден аса темекі өнімдерін тасымалдайтын жүк көлігінің жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасаған. Жүргізушіні өлтіріп, мәйітті жол бойындағы шұңқырға көмген.
Қылмыс жасаған күдіктілердің бірі ұсталып, нәтижесінде сотталды, ал екіншісі тергеуден қашып үлгерді, сондықтан оған халықаралық іздеу жарияланды.
2023 жылғы тамызда екінші күдікті Түркияда ұсталды. Қазір ол Астанадағы тергеу изоляторында қамауда.
Осы қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!