Жүгеріге сұраныс азайып, баға екі есеге арзандап кетті. Былтыр зауыттар өнімнің әр келісін 120-125 теңгеден қабылдаса, биылғы баға небәрі 60 теңгеден аспайды. Бұл диқандардың жаздай еңбегі мен шығынын мүлдем өтемейді. Сондықтан Еңбекшіқазақ ауданындағы бірқатар шаруа қожалықтары жүгері алқаптарын шаба алмай қалды. Аталған мәселені олар Қонаев қаласында өткен жиында көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Шелек өңірінде қазір 40 пайыз ғана жүгері шабылды. Қалған 60 пайыз сол күйінде алқапта тұр. Неге десеңіздер шаруа қожалықтарына өткізетін жер жоқ. Өзім жүгерімді шаба алмай қалдым. Қазірдің өзінде мойнымда 20 миллион теңге қарызым бар. Мен сияқты ондаған шаруа не істерін білмей, шарқ ұрып жүр. Облыстық ауалшаруашылығы басқармасы ешқандай қолдау білдірмей отыр. Біз өнімді қайда өткіземіз сонда? Қазіргі жүгерінің бағасы өнімнің ылғалдығына қарап белгіленеді. Мысалы, Шелек ауылында үлкен жүгері сұрыптап, кептіретін элеватор тұр. Ол жеке меншікте. Жұмыс істемейді. Соны халық игілігіне беріп, жаратса болатын еді ғой", - дейді шаруа қожалығының басшысы Мунардин Османов.
Облыста жиналған жүгеріні сақтап, кептіретін қойма тапшы. Шаруалар содан қиналады. "Тіпті, көрші Қытай еліне де өнімді өткізе алмаймыз" дейді диқандар. Сонымен қатар, бас қосуда жайылым әрі суармалы жер тапшылығы, субсидияның уақытылы төленбеуі сынды өзекті тақырыптар талқыланды.
"Шаруалар шағымын тыңдадық. Осы кісілерді парламентке шақырамыз. Сол жерде сауда, ауылшаруашылық, экология министрлігі өкілдерімен жер мәселесі комитетінің қызметкерлерімен кездесу өткіземіз. Туындаған сұрақтар жауапсыз қалмайды", - деді мәжіліс депутаты А. Ходжаназаров.
Ал, халық қалаулысы уәде еткен жиын өткенше шаруалардың алқаптағы жүгерісі сол күйінде орылмай, суыққа үсіп, түкке жарамсыз болып қалатыны анық.
Саламат Сабыр
Тағы да оқи отырыңыздар: Флиппинг деген не?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!